Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттаудың да жас жеткіншектер үшін тағылымы үлкен. Біз бұған Халықаралық балалар кітабы күніне орай Тараздағы «МАRТ» сауда ойын-сауық орталығында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі «Балалар – кітап әлемінде» атты кітап мерекесінің өтуі барысында көз жеткіздік. Рухани кешке жергілікті танымал ақын-жазушылар қатысты. Бұл кеш балаларға да үлкен қуаныш сыйлады.
Жиынның ашылу сәтінде сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев Мемлекет басшысының қолдауымен барлық жақсылық балаларға жасалып жатқанына тоқталып, осынау бағытта қалам тербеп жүрген ақын- жазушыларға алғысын білдірді.
«Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты кітап көрмесінен балаларға арналған әдебиеттер ұсынылды. Қиял-ғажайыпқа толы мерекеге ертегілер елінен кейіпкерлер келіп мерекенің сәнін кіргізді. Байды алдаған Алдар, көңілді мыстан кемпірлер, отбасымен шалқанды жерден суырып алған ата мен апа, айласын асырған қасқыр мен тілазар жеті лақ жайлы ертегілер балғын балаларға ерекше әсер етіп, қызыққа бөледі. Бұл бірнеше көріністегі сан алуан құралдар мен киімдердің әсемдігі көпшіліктің назарын аударды. Кітап ханшайымы балаларға өздерінің ойындары мен қызықты сұрақтарын ала келіпті. Ертегілер кейіпкерлерімен балалар уақытты өте көңілді өткізді.
«МАRТ» ойын-сауық сауда орталығы әртүрлі әдеби викториналық ойындарға белсене атсалысқан балаларға сый-сияпаттар тапсырды.
Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелейтін құндылық. Осынау іс-шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ балалар әдебиетіне атсалысып, жас жеткіншектерді әңгелектей әдемі әңгімелерімен баураған қаламгер, «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлы да қонаққа келді. Тілі балалар жанына жақын әрі қарапайым да түсінікті, баланың басынан өткен бір сәтті қаз-қалпында, әп-әдемі әңгімеге айналдыра білген қаламгердің жуырда ғана жарық көрген «Апамның аялы алақаны» атты кітабының тұсауы кесіліп, кітапхана қорына сыйға берілді. Кітап тұсауын жазушылар Пернебай Дүйсенбин мен Елен Әлімжан кесті.
Жазушы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин жалпы балалар әдебиеті, оның ішінде М.Құлибайұлының кітабы жайлы толғанса, жазушы-драматург, облысымыздың Құрметті азаматы Елен Әлімжан жергілікті қаламгер Марат Құлибайұлының тамаша туындысы туралы жақсы пікірін аяп қалған жоқ. Мұндай жылы пікірді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Өрімтал» балалар журналының бас редакторы Баймаханбет Ахмет те, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман да айтып өтті. Мереке барысында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева оқырмандармен әсерлі ой бөліскен кеш қонақтарына жылы лебізін білдіріп, оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу; әртүрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру; кітапханаға оқырмандарды тарту мақсатында «МАRТ» ойын-сауық сауда орталығында «Буккроссинг» бұрышы қойылғанын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.