БАҚ өкілдерімен кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың мүшелері арнайы мамандармен бірге апаттан зардап шеккен 3 елді мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ахуалын зерттеуде. Әзірге жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған. Оның 106-сы - тұрғын үй, 12-сі - коммерциялық нысан. Жөндеуді қажет етеді делінген 106 үйдің 35-іне күрделі жөндеу тағайындалып отыр. Облыстық жедел штаб қалған 71 үйді жеңіл зақымдалды деп таныған. Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті»,— деді. облыс әкімі.
Ермек Сахариев