Чемпиондар шыңдалатын шаңырақ

Чемпиондар шыңдалатын шаңырақ

Әлемдік аренада елдің беделін әйгілейтін,  абыройын асыратын маңызды сала – спорт екені даусыз. Сондықтан дамыған елдер спортқа ерекше көңіл бөледі.  Тіпті бұл салада сараптамалық әрі  ғылыми-әдістемелік құрылымдар  кәсіби спорттағы көрсеткіштерді жоғары деңгейге жетелеудің жетік әдіс-тәсілдерін зерттеу бағытында қызмет етеді. Мемлекет басшысы  «бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс» дей келе, спорт саласы әрдайым мемлекет назарында болатынын мәлімдеді. 

Соңғы жылдары елімізде спорттағы жоғары бәсекеге төтеп беру үшін ғылымға бетбұрыс жасаудың маңызы артып келеді.  Соның ішінде спортты қаржыландыру қарқын алып,  жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін  сапалы медициналық және ғылыми негіздемелерге сүйену үрдісі  үдей түсті. Ұлттық құрамалардың қажеттіліктеріне сәйкес ғылыми-медициналық топтар да жасақталды. 

Айрықша атап өтетін нәрсе – ел аумағында спорттың материалдық-техникалық қауіпсіздігін жақсарту, заманға сай функционалды базаларды пайдалануға беру мен қолданыстағы нысандарды қайта құру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Маңғыстау маңызды үрдістен тыс қалмады. Өңірде алғаш рет облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ашылды. Тәуелсіздік алғалы түбек тарихындағы тұңғыш нысанның түпкі мақсаты – өңірлік спорттың өрісін кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеру, Олимп шыңын бағындыратын жоғары білікті спортшылар буынын қалыптастыру. 

Шын мәнінде, Маңғыстау – қазақ бокс өнерінің негізін қалаған, былғары қолғап шебері Шоқыр Бөлтекұлы сынды даңқы дүркіреген дарабоз дарындар шыққан өлке. Бұл өңірден боз кілемде жауырыны жерге тимеген небір балуандар да шыққан. Алайда соңғы жылдары аймақ спортының қарқыны бәсеңдеп, маман тапшылығы мен инфрақұрылым мәселесі саланың дамуына кері әсерін тигізді. Ал жаңадан ашылған спорт нысанына дағдарып тұрған салаға тың серпін дарытып, дамуына даңғыл жол ашады деген сенім артылды. 

Мамандандырылған кешеннің қызметімен жете танысу үшін Ақтаудан 27 шақырым қашықта жатқан спорт қалашығына арнайы аттандық. Ат шаптырым алапты алып жатқан ауқымды кешеннің директоры қызметін атқаратын Алдаберген Дүйсекенов алдымыздан күтіп алды.

– Алдаберген Хасанұлы, мектеп-интернатында қысқа уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды?

 – Өзіңізге мәлім, 2024 жылдың сәуір айынан күрделі жөндеу жұмыстары басталып, дайын нысан былтыр қаңтарда қолданысқа берілді. Бүгінде 19 жаттықтырушы қызмет етеді. 7 мен 11-сынып аралығында барлығы 235 бала білім алады. Интернатта балалардың жан-жақты білім алуы мен жаттығуына жағдай жасалған. 10 гектарға жуық аумақты алып жатқан кешен құрамына жеке асхана, жатақхана, медициналық пункт, мектеп ғимараты және мұғалімдер мен жаттықтырушыларға арналған бөлек жатақхана кіреді. 5 спорт залда жасөспірімдер таэквондо, грек-рим, еркін күрес, дзюдо, бокс спорт түрлерінен 2 мезгіл жаттығады. 5 мезгіл тамақтанады. 

Қазіргі таңда лицензия алу үшін материалдық-техникалық базаны жасақтау, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына қатысты құжаттарды реттеу бағытында жұмыстар жасап жатырмыз. 

Білім беру саласында 12 пән бойынша 21 мұғалім сабақ береді. Кешен қаламыздан шалғай орналасқандықтан маман тапшылығы туындап отыр. Алайда жұмыстар жасалып жатыр. Алдағы оқу жылы мұғалімдер қатары толығады. Медициналық қызметкерлер, атап айтқанда, лор, дерматолог, терапевт қызмет етеді. Кітапхана қорын толықтыруға кірісіп кеттік. Жалпы лицензия алу үшін 85 пайыз жұмыс жасалды. Келер оқу жылы лицензияға қол жеткіземіз деген жоспар бар. 

– Жатақхананың жайы қалай? 

– 3 жатақхана бар. 21 тәрбиеші қызмет етеді. Күні-түні аумақтың тыныштығын күзетіп, оқыс оқиғалардың алдын орайтын 2 күзетші бар. Жатақхана жайлы, жарық әрі жылы, тазалық қағидаты қатаң сақталады. Жас спортшылардың тәуліктік тамақтану нормасында құнарлы өнімдер қарастырылған, мәзірді дайындау кезінде бір күндік калория нормасы 4000-6000 аралығын құрайды. Жас спортшылардың жетістіктері олардың денсаулығы мен психологиялық жағдайынан бөлек, мемлекет үшін үлкен мәнге ие, себебі олар елдің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Спортпен айналысу жасөспірімнің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, жауапкершілік сезімін дамытуға және еңбекқорлыққа тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді. Сондықтан жасөспірімдердің спорттық жетістіктеріне дұрыс бағыт беру, қолдау көрсету және тәрбие мен білімнің үйлесіміне жағдай жасау маңызды. Сонымен қоса оларды өмірлік дағдыларға баулу – бойында тәртіп, ішкі мәдениет пен ұжымда жұмыс істеу, мақсатқа жету сияқты қасиеттер қалыптастыру маңызды. Бізде тәртіптік кеңес қызмет етеді. Жасөспірімдердің мінез-құлқы, ішкі мәдениеті мен қоғамдық ортада өзін ұстауы қадағаланады. 

Тағы атап өтер мәселе – шалғай ауылдардан келіп оқитын оқушылар сенбі-жексенбі интернатта қалады. Олардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмесін ұйымдастырып, оқушылар үшін ұтымды уақыт өткізуін үйлестірдік. 

– Оқушыларды қабылдау қалай жүзеге асады?

– Жоғарыда атап өткенімдей, жас спортшылар олимпиадалық бағыттағы бес спорт түрінен жаттығады. Спотшыларды оқуға қабылдау үшін іріктеудің стандарты бар. Саралау барысында спортшының жетістіктері, физикалық даярлығы мен қарым-қабілеті, ықылас-ынтасы, ішкі мәдениеті мен тәртібі назарға алынады. Қазір мұнда 2 қала мен 5 ауданнан 7-11-сынып оқушылары іріктелуде. Расында, чемпиондар ауылдан шығады. Бұл – жасөспірімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Жаттығуын одан әрі шыңдап, діттеген мақсатына жетеді деген сенімдемін. Бұл спорт түрінен қатысушылардың алдыңғы кезекте шыдамдылығы мен еңбекқорлығы бағаланады. бала жастан спортпен шұғылданып, бозбала шағында-ақ талантымен дараланғандарды бір ортаға шоғырландыру қажет. Ал біз жүзден жүйрік шыққандарды Олимп шыңына жетелеуге күш-жігерімізді сарп етеміз. Қазір шәкірттеріміздің арасында шаршы топтан суырылып шыққан талантты спортшылар бар. Мәселен, былтыр таэквондодан Сағынғали Жантөре есімді 9-сынып оқушысы әлем чемпионатынан 1-орын алды. Ал дзюдо спортынан ел біріншілігінде Дария Ибраш қола жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, 1 оқушымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 136 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атанып, 98 тәрбиеленушіміз әртүрлі деңгейдегі жасөсіпірмдік дережелерді иеленді.

– Жаттықтырушыларға қандай талап қойылады?

– Өзіңізге мәлім, бұл – облыс тарихындағы алғашқы спорт интернаты. Өзге өңірлермен тәжірибе тұрғысынан салыстыруға келмейді. Біз біліктілікті арттыру бағытында бесжылдық жоспар жасақтадық. Жаттықтырушылардың сапалық құрамына талдау жасап, біліктілігі жоғары мамандарды тарту, сондай-ақ дайындау әдістерін жетілдіру мақсатында жұмыс тобын құрып, тоқсан сайын мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жасалады. Біздің мақсат – республика аумағындағы алдыңғы қатарлы спорт кешендерінің легіне кіру. Айта кетер жайт, Маңғыстау облысы географиялық жағынан озық спорт орталықтарынан анағұрлым шалғай жатқандықтан тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу біршама қиындық тудырады. Соған қарамастан тәжірибесі мол ұлттық құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу мүмкіндігін арттырып, спорттық медициналық көмек бойынша тиімді жұмыстар жүйесін қайта қарауға баса назар аударылды. Себебі кез келген спорттағы жоғары нәтиже спортшы денсаулығының дұрыс қалыптасуына байланысты. Бұл әсіресе балалар спортында маңызды. Сол себепті дәрігер мамандардың біліктілігін қайта қарастырып, өзге оңалту орталығының мамандарын жұмылдыруды жолға қоямыз. 

Бапкерлердің біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлеміз. Жақын арада әр спорттан екі жаттықтырушы Алматы және Астана қалаларына аттанып, тәжірибе алмасу курстарынан өтеді. Дзюдадан ең мықты деген 4 спортшыны мемлекет есебінен Жапонияда өтетін оқу-жаттығу жиынына жіберу жоспарланған. Біздің шәкірттер шетелде тәжірибе жинақтаса, ел чемпионатында еркін сайысып, жоғары жетістікке жетеді. Биыл қазан-қараша айларында спорт интернатының базасында Елдос Сметов сынды олимпиада чемпиондарымен өзара келіссіз жүргізу нәтижесінде шеберлік сағаттарын ұйымдастыру көзделіп отыр. Алда кешенді бақылау нәтижелерін спортшының жаттығу бағдарламаларын өзгерту үшін қолдану, ұлттық құрама бапкерлерін өңірлердегі жаттықтырушылармен өзара байланыс орнату мәселелері қарастырылады.

Айбар Сайфенов Қытай Халық Республикасының Ордос қаласында өткен IJF Academy Level 1 емтиханын сәтті тапсырып, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми жаттықтырушылар сертификатын иеленді. Ол Маңғыстау облысынан IJF Instructor атағын алған алғашқы жаттықтырушы. Талапқа сай мектеп-интернат колледжіне қызметке жоғары деңгейдегі бірінші біліктілік санатынан төмен емес жаттықтырушылар қабылданады. Сондықтан жоспарға сәйкес жаттықтырушылардың дәрежесін көтеру үшін де бірқатар жұмыстар атқарылады. 

– Жаттығу залдары жабдықталған ба? 

– Бүгінде грек-рим және еркін күрес спорты бойынша спортшылар бірге жаттығады. Алдағы уақытта осы екі спорт түрін кең залға көшіруді жоспарлап отырмыз. Жалпы спортшыларға барлық жағдай жасалған. Әлі де алатын спорттық құрал-жабдықтар бар. Осы қызметке кіріскеніме небәрі екі апта уақыт өтті. Қысқа уақыт аралығында дзюда мен еркін күреске арналған төсеніштердің екі жиынтығын алдық. Атап өтер мәселе – жан-жақты жабдықталған жаттығу залында нұсқаушылар спортшылардың физиологиялық белсенділігін арттыру, қарым-қабілетін бағалап, нақты жетістіктерге бағыттау бойынша көпсатылы даярлық жұмысына жетекшілік етеді. 

– Алға қойған мақсатыңыз бен жоспарыңыз қандай?

– Алға қойған мақсат айқын. Келер жылы кешен аумағында интернат колледжінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтап, құрылысына инвесторлық қаржыны тартуды көздеп отырмыз. Колледж студенттеріне арналған жатақхана, ал оның жанына тағы бір спорт кешені мен ворк-аут алаңын салу жоспарда бар. Мұның барлығы жастардың спорттық шеберлігін арттыру және республикалық, халықаралық спорт аренасында табысты өнер көрсетуіне жан-жақты жағдай жасауға бағытталған. 

Біздің ендігі мақсат – спорт нысанының қызметін бір жолға қою, тәжірибемізді толықтыру, елімізді төрткүл дүниеге танытатын, төртжылдықтың іргелі додасында көк туды желбірететін чемпиондарды тәрбиелеу. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Голрох ЖЕМЕНЕЙ,

Маңғыстау облысы

 

20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25247
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24754
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42188
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38040
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42521