Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес өңірдегі барлық аудан, қаланы аралап шығып, халықпен кездесті. Биылғы қорытынды кездесу Ордабасы ауданында өтті. Үш жүздің басы қосылған тарихи мекенде бәтуәлі ойлар айтылды. Өңір басшысы өндірісті дамыту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу негізгі бағыттар екенін тағы да айтты. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Ауданның мәселесін талқылау үшін кездесуге арнайы келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Атқарылған жұмыстар ғана емес, кемшіліктер, алдағы жоспарлар да айтылады. Біз өңіріміздің инфрақұрылымын жақсарту, елдің әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде Ордабасы ауданына да тиісті назар аударылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ордабасы ауданында 2023 жылы 19 елді мекенде 24 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Сол арқылы Темірлан, Қажымұқан, Бадам елді мекендерінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 681 млн. теңгеге 13 елді мекендегі 27 көше орташа жөндеуден өтті. Төреарық, Ықылас Темір, Дербес елді мекендеріндегі фельдшерлік акушерлік пунктің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Мектептер күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды. Биыл 14 елді мекенде 18 жобаны іске асыру үшін 3,3 млрд. теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд. теңгеге 259 жоба қаржыландырылды. Ордабасы ауданында 30 мектептің интернет жүйесі жақсарды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 27 пайызға өсіп, 2023 жылы 145 млрд. теңгеге жетті. Біз осындай кездесулерде кемшіліктерді де жасырмай айтып, мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Мегаполиске жақын әрі күре жолдың бойында орналасқан ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және индикаторлар орындалмаған салалар бойынша жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде аудан әкімі Азат Оралбаевтың өткен жылғы және биылғы 6 айдағы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 32 пайызға өсіп, 15 мыңға жуықтады. Олардың өндірген өнім көлемі 161 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 61 млрд. теңгеге немесе 60 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 33 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,4 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 39 млрд. теңгеден асып, жоспар 2,3 млрд. теңгеге артығымен орындалған.
Ордабасы төріндегі жиында аудан тұрғындары мектеп ғимаратын жөндеу, жер дауы, инфрақұрылым, ағын су, баспанамен қамту және өзге де мәселелерді қозғады. Тиісті жауаптар берілді.