Қарапайым халықтың өмір сүру, тіршіліктерінің де, жұтаң тартып, билік өкілдеріне деген өкпелері қара қазандай болып, реніш туғызатыны да осындай өліара кезеңде бел алатыны белгілі.
1986 жылдың желтоқсанында болған (ауыс-түйіске) жастар көтерілісінің куәгері және де 1989 жылдары пайда бола бастаған түрлі ұлттық қозғалыстардың басында болған ағаларымыздың алдын көріп, кейбірімен жақын араласқандықтан, олардың қарым-қабілеттерін біршама білемін.
Ұлттық бағыттағы қаншама қозғалыстарға мүше болдық. Сайлау кездері күн-түн демей жүгіріп, жүріп, адал қызмет жасап едік. Бұны айтып отырған себебіміз – өткеннен сабақ алу үшін деп білесіздер!
Қазіргі уақытта да сол кездегідей ақпараттық іліп-шалулар белең алып тұр. Мәжіліс депутаттары ананы айтпады, мынаны айтпады деген сөздер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Әлеуметтік желілерде отырған адамдардың көңіл күйлерінен шықпай жатса, оның ілгері де жасаған еңбектері далада қалып жатады.
Қазір көп сыналатын, көп сынайтын депутаттың бірі Еділ Жаңбыршин болып тұр десек, қателесе қоймаспыз.
Еділ Жаңбыршин саяси қайраткерлер арасында қазір рейтингі жоғары болып тұрған депутаттың бірі. Ғұмырнамасына көз жүгіртсек, жақсы тәрбие мен білім алған. Адамдармен сөйлесу мәдениетін жоғары деңгейде қалыптастыра алғандығын көреміз. Ұмытпасам, 2012-2015 жылдары Ақтау қаласының әкімі қызметінде атқарды. 2014 жылы «ең үздік қала әкімі» деген көрсеткішке қол жеткізді. Әкім болғанға дейін облыстық мәслихаттың депутаты болып тұрғанда, Маңғыстау облысы мен Каспий теңізінің проблемаларын батыл көтеріп жүрді. Сол кездегі оппозициялық басылымдарда экологияның ауыр жағдайда екенін айтып, дабыл қаққанын оқып, риза болдық.
Маңғыстау тұрғындарының айтуынша, 2014 жылы Каспий теңізінің жағасында заңсыз салынған олигархтардың мейрамхана, кафелерінің лас сулары қайда кетіп жатыр деп тексеріп, теңізге құйып жатқандарының жұмыстарын тоқтатты дейді. Көп ұзамай өздері «үздік» деген әкімді орнынан алып тастап еді.
Еділ Жаңбыршин салы суға кетіп, оңай беріле салатындардың қатарынан емес екенін тағы да көрсетті.
2022 жылы 3 қаңтарда туған елі Маңғыстау облысында газдың қымбаттауына байланысты жалпы халықтық ереуілдер кезінде, 1989 жылмен 2011 жылдардың қайғылы оқиғаларына куә ретінде тағы да қызбалыққа салынып, арандап қалмасын деп Мәжілістегі әріптесі депутат Самат Мұсабеков екеуі жедел түрде Ақтауға барып, ашынған елдің ашу-ызасын басып, жергілікті белгілі азаматтармен қоян-қолтық араласып, сауатты, сабырмен дұрыс шешімдер шығаруға мұрындық болған еді. (Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де сол ел басына ауыр күн туғанда Маңғыстауда болды). Кейбір деректерде Ақтауда 40 мың, Жаңаөзенде 18-20 мың т.б. елді мекендерде де мыңдаған адамдар көшеге шықты деп жатыр. Нақты санын Құдай ғана біледі. Осындай елдің басына ауыр күндер туғанда тығылып қалмай, ызалы, ашулы ереуілшілердің қалың ортасында жүру кез келген саясаткерлердің дәттерінің жетпейтіні белгілі. Оны сол ауыр күндерде көзіміз көрді. Сол себепті, Маңғыстау облысында Қаңтар көтерілісіне байланысты ешкім сотталған жоқ!
Осындай жалпы халықтық дұрыс әрекеттеріне қарамастан Е.Жаңбыршинге де орынды-орынсыз айып тағатындар кездеседі.
Есімізге ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, намысын таптатпаған, шыншыл ақын, композитор, тірісінде «банды» атанған Аманғали Кенжеахметұлының мынадай шумағы тілге оралады.
«Қақ жарып қара қылды жүрсем дағы, кетеді
Біреу мақтап, біреу боқтап...» дегендей, Еділ Жаңбыршинге де кейбір азаматтар тарапынан жөн-жосықсыз, қисынсыз әңгімелер де таңылып жатады. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген сияқты. Адам баласы ретінде оның да кемшіліктері бар шығар?
Бірақ та, жасаған істері мен айтып жүрген ой-пікірлерін таразы басына қойып, өлшеп көрсе, таразының жақсы жағы басатынына күмән жоқ. Шалғай аудандарда жиі болып жүрміз. Саяси көзқарастары бойынша елдің іші алай-түлей екенін көріп жүрміз! Депутаттар туралы әңгіме қозғалғанда, ең бірінші Еділді ауызға алады, оған көбі сенеді. Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес. Еліміздің ертеңіне алаңдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс атқарып жүрген Еділ Терекбайұлының әрбір жұмысының алға басуына тілектеспіз.
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ













