Атырау облысы орталығында қазір 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйде дезинсекциялық жұмыстар жүргізіліп, 110 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Масалардың негізгі көбею ошақтары саналатын Ерік Мостовой каналы, «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алқаптары толық уланып, қайта залалсыздандырылды. Сонымен қатар Жайық өзенінің жағалауы мен тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарда дезинсекциялық жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
«AG Disinfection Services» ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Гүлсара Ходжібекованың айтуынша, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін арнайы техникалар саны 8-ден 14-ке дейін, ал жаяу жұмысшы бригадалары 25-тен 40 адамға дейін көбейтілген.
– Қазіргі Faskon 55 препараты қолданылып жатыр. Ал өткен аптада Mistral препараты пайдаланылды. Дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігін сақтау мақсатында қолданылатын препараттар кезең-кезеңімен алмастырылып отырады, – деді Гүлсара Ходжібекова.
Сонымен қатар дезинсекциялық жұмыстар ғылыми сүйемелдеумен жүзеге асуда. Бұл іске энтомология саласының жетекші ғалымдары мен ғылым докторлары тартылған. Олар масалардың көбею ошақтарына мониторинг жүргізіп, залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігін бағалайды және оны жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірлейді.














