Ерекше дауысымен әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергеннің осымен екінші рет Түркияда жеке концерті сәтті өтті. Қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдызының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған, үш сағаттан астам уақытқа созылған өнерін түрік елі лайықты бағалады. Отандық жанкүйерлермен бірге Qaz365.kz тілшісі де өнерпаздың концертінен репортаж жасауға Стамбулға аттанған еді.
Өнерсүйер талай жанды тәнті еткен Димаштың кеші ерекше форматта өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері де көп жиналды. Димаш Бурак Йетермен бірге сахнаға шыққанда, стадионға жиналған түрік тыңдармандар ду-дулап, айғай-шумен ұзақ шапалақ соқты. Кеш барысында Димаштың Игорь Яковлевичпен бірге ерекше шығармашылық үйлесімді көрсеткен «Stranger» туындысы сахнаның көркін аша түсті. Ал танымал түрік музыканты Халук Левентпен бірге «Gesi Baglari» әнін орындағанда, хард-рокер мен классикалық жанрдың әдемі тандемі сахнаның сәнін аша түсті. Өмірге деген көзқарас, адамның ішкі жан дүниесі туралы терең философиялық ән тек түріктерді ғана емес, шетелдік тыңдармандарды да тебірентті.
Стамбулдағы концертінде кештің арнайы мейманы болып таңдалған композитор Халук Левент мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, гитарасын сыйға тартты.
Әйгілі «Бешикташ» стадионында, ашық аспан астында өткен жеке концерттің бағдарламасы келген тыңдарманның қай-қайсысын да ерекше әсерге бөледі.
Димаштың диапазонының кеңдігі – оның регистрлік мүмкіндігін, өзіндік бояуын, ырғағын, амплитудасын, тональдік ерекшеліктерін көркем етіп, құлақтың құрышын қандырды. Міне, қазақтың өнері, қазақтың үні, қазақ даласында өскен қарапайым қазақ баласының дауысының күші 40 мың жанкүйерді Стамбулда тоғыстырды. Бас шайқап, таңданбау мүмкін емес. Әсіресе, қазақ елінің атынан оны қолдап келген жақындары, достары, әріптестері, сүйікті тыңдармандарының ел намысы мен өнерін биіктетіп, қос елдің көзайымына айналғанын өз көзімен көруі қандай бақыт?!.
Төрт октавамен шырқайтын ол, жеке концертінде өте жоғары нотаны ұзақ ұстап, шарықтау шегіне жеткізді. Халықаралық деңгейге көтерілген Димаштың өнеріне әлі талай тебіренеріміз анық.
Қарапайым қазақ баласының шет мемлекетте өз елінің туын биікке көтеріп тұрып: «Ағылшынша, түрікше сөйлеп, ән айтсақ та, өз отаным, тілім, жұртым бар. Шаңыраққа қарап, менің тілеуімді тілеп келген жақындарыма, әріптестеріме, достарыма, қазақ еліме ерекше тағзым» деп, көк байрақпен стадионнан ары-бері жүгіріп, кең тыныстап, ұзақ көтеріп тұрды.
Қазақстаннан келген делегация бұл сәтте көздеріне еріксіз жас алды. Себебі Димаштың өнерімен қазақ танылды. Димашқа қарап қазаққа баға берілді! Өнерің өрлей берсін, Димаш! Сен Қазақ елінің мақтанышысың!