Доллардың құрсауынан қалай құтыламыз?

Доллардың  құрсауынан  қалай құтыламыз?

«Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр». 

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

(«Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан)

 

Халық ренжулі. Себебі азық-түлік бағасы күн сайын өсіп барады. Доллар «құйрығын» ұстатпай тұр. Ұлттық валютамыз теңге байғұстың жағдайы мүшкіл. Құлдырап барады. Сейсенбі күні бір доллардың құны 530-531 теңгеге шарықтап кетті. Мамандардың айтуы бойынша теңгенің құлдырауы азық-түліктің қымбаттауына тікелей әсер етеді. Қарапайым халық «долларды бұғаттап отыру керек» дейді. Экономистердің айтуынша, бұл шектеу азық-түлік бағасына кері әсерін тигізеді екен.

Болжам айтушылардың сөзіне сенсек, доллар тоқтамай өсе бермек, өсе бермек. 600, 700… тіптен 1000-ға дейін… Құдай оның бетін әрмен қылсын! Бірақ көріп, біліп отырсыздар, әзірге доллардың өсуін тоқтату мүмкін болмай тұр. Үкімет қауқарсыз. 

Ел басшысының сөзіне, уәжіне сенсек, қорқатын ештеңе жоқ. Доллардың құбылуы біздің ғана елде емес. Аузымен құс тістеген алпауыт мемлекеттер де теңселіп тұрғаны байқалады. Қайдам, олардың жағдайы біздің жағдайымыздан гөрі тәуірлеу екені анық. Ал біздің жағдайымыз оларға қарағанда мүшкілдеу сияқты. Неге бұлай? Бәрі де қара алтынға балаған мұнайдың бағасына байланысты деп сараптама жасап қойғалы қашан білгіштердің. Менімше, бұл басты себеп емес. Мұның түп тамыры басқада, тереңде жатыр. 

Әне-еу жоғарыда бір алпауыт қожайын осылардың бәріне, бақылау жасап, яғни әлемнің тізгінін ұстап отырған тәрізді. Доллардың да, мұнайдың да бағасын өзінің дәргейіне бағындырып, миығынан күліп әлжуаз адамдарды, елдерді мазақ қылып отыр-ау, сірә. Әйтпесе әр ел, әр мемлекет қажетінше ақшаны көп қылып шығарып, өзінше неге өмір сүрмейді? Доллар деген пәлені жолатпа! Оны АҚШ-тың өзі пайдалансын. Өсіре ме, өшіре ме, өзі білсін.

Біздіңше, мәселе басқада. Мәселен біздің елімізді жемқорлық бунап тұр. Қанша тырыссақ та, тыпырласақ та бұдан құтыла алар емеспіз. Доллар сол жемқорлықпен бауыр болуы керек. Немесе доллар жемқорлардың төл ақшасы немесе көзірі. Сондықтан доллар құрсауынан тез құтылуымыз керек. Сонда жемқорлықтан да құтыламыз. Мысалы Еуропа құрлығы өзара келісті де, өздерінің еуросын шығарып алды да, долларды «құйрығынан бір-ақ тепті». Қазір ондағы елдердің бәрі бай тұрады.

Тағы бір мәселе бізде тәртіп мәселесі бір жүйеге келтірілмеген. Содан кім көрінгенге құлдық етіп жүрміз. Жан-жағымызға үреймен қараймыз. Мұны тоқтату керек! Ұлттық құндылықтарымызды, мемлекеттік тілімізді күшейтсек, қазақ та күшейеді. Иә, сонымен не істейміз? Доллар мен жемқорлардың ықпалынан қалай құтыламыз? Әділетті Қазақстанды осы құра аламыз ба, әлде жоқ па? Әлде ол елес пе, әлде алдау ма? Ел соған түсінбей дал.

 Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

17.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13163
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11999
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 15245
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14174
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 19205