Сарысу ауданына қарасты Досбол ауылдық округінен басталған аудан басшысының халық алдындағы есеп беру жиынына ауыл қариялары тегіс жиналды.
Кездесуде аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісіп, жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар сауалдарына жауап берді.
Марат Қырғызәліұлының есебінде баяндалғандай, өткен жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 49,3 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 80,4 %-ға артқан. Сондай-ақ, былтырғы жылы 201 кәсіпкер жеке бизнес ашып, ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3 542-ге жеткен. Бұл көрсеткішті көтеруге аталған ауылдық округ азаматтарының да үлесі бар. Мәселен, 2021 жылы округтегі 3 шаруа қожалық 26 млн. теңгеге төмен пайызбен несие алып, 50 бас жылқы малын сатып алған.
Досболда қайырымдылық шараларына қамтылғандардың қатары да көп. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша «Асар» жобасымен құрылысы 10 жылдан бері аяқсыз қалған тұрмысы төмен отбысының үйіне ауыл ағайындары бірігіп, толық күрделі жөндеу жүргізді. Ал, «Жомарт түлек – 2021» жобасы аясында жергілікті мешітке жылу жүргізіліп, газ құбыры тартылған. Сондай-ақ, Досболға ұялы байланыс желісіне арналған арнайы мұнара қойылып, Шағалалы ауыл маңындағы қорым толық қоршауға алынған.
Жиын соңында ауыл ақсақалы Мұсұлманқұл Жаманқараев Шағалалыға газ құбырын және ауыз су жүйесін тарту мәселелеріне қатысты сауал қойды. Бұл ретте аудан басшысы елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бойынша құбыр тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді.
Аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебек Алтынбеков пен зейнеткер Оңлыәшім Дүйсенбеков орман қоры жерін мемлекет меншігіне қайтару, су мен жайылым мәселелерін қамтыды.