Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, аудан тұрғындары аталмыш шараға белсенді атсалысуда.
Игі шара барысында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автожолының бойында орналасқан ««Дулат баба» кесенесіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық акциясына аудан жастарымен қоса қоғамдық жұмысшылар, зиялы қауым өкілдері белсене қатысып, кесене аумағы күл-қоқыстардан тазартылып, гүлзарларға абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде аталмыш кесененің аумағына Көкдөнен ауылының тұрғындары 30-дан аса жеміс-жидек көшеттерін отырғызып, абаттандыру шараларын ұйымдастырған болатын.
Жалпы Таза Қазақстан акциясына ауданнан 6 000-ға жуық адам сенбілікке атсалысып, жоспарлы желілік кестеге сәйкес, 6 әлеуметтік нысан, 2 көпқабатты және 50-ден астам ардагерлер мен қарттардың, Ұлы Отан соғысы ардагері және тыл еңбеккерінің аулалары тазаланып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар 40 шақырым каналдар мен арық жүйелері тазаланып, 18 саябақ және 15 сквер күл-қоқыстардан тазаланды, 1 100 түп тал-дарақтар отырғызылып, 200 м2 төсеніш жабындылары (брусчатка, плиткалар) ауыстырылды, 600 тонна күл-қоқыс шығарылып, 50-ден астам техника жұмылдырылды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша аймақта экологиялық акцияны жыл соңына дейін жалғастыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес тазалық жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.
Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы