Атырауда 25 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күніне орай облыстық кардиология орталығында Ашық есік күні өтті. Бұл туралы дәрігер-кардиолог Айдана Ізмұханова баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Бұл күні тұрғындар электрокардиография (ЭКГ), эхокардиография (ЭХОКГ) сияқты тексерулерден өтіп, салалық мамандардан кеңес алды.
Дәрігер-аритмолог Қуаныш Испергеновтің айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурулары жастар арасында көбейіп келеді.
– Қазір 35 пен 50 жас аралығындағы адамдардың оннан бірінен жүрек кеселі анықталып отыр. Бұған ерте жастан темекі шегу, ішімдік ішу, шамадан тыс тамақтануы себеп болады. Сол себептен дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Жалпы, өлім-жітімнің 55 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу денсаулық пен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын естен шығармаған жөн, – деді ол.