Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деді. Осы сөзден-ақ Президентіміздің егемендікті сақтай отырып, елеулі істерді атқаруға бел шеше кіріскенін аңдауға болады.
«Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес.
Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді», – дейді сұхбатта ел Президенті.
Елімізге белгілі саясаткерлер мен сарапшылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын үнемі талқылап келеді. Олардың пайымынша, Президент реформаларының мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен егемендікті нығайту.
Былтыр 6 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «Қ.К. Тоқаевтың 3 жылдық саяси реформаларының нәтижелері» атты тақырыпта «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat.» Ұлттық сараптама алаңының отырысы өтті. Шара барысында талқылауға қатысушылар – мемлекеттік органдар мен Парламент өкілдері, жетекші талдау орталықтарының басшылары, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстанда соңғы үш жылда жүзеге асырылған саяси реформалардың негізгі аспектілерін, олардың мемлекеттік басқаруды, құқықтық жүйені және азаматтық қоғамды дамытуға ықпалын талқылады.
Талқылаудағы алғысөзінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстанда соңғы үш жылда елімізде ғана емес, бүкіл посткеңестік елдерде бұрын-соңды болмаған демократиялық реформалар жүзеге асырылғанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, саяси жаңғыртусыз елдің тұрақты ілгерілеуі мүмкін емес. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында жан-жақты саяси реформалардың жүзеге асуы әлемдік қауымдастыққа Қазақстанды аяғына нық тұрған мемлекет және біздің ауызбірлікті, біртұтас ұлт екенімізді білдіретін сигнал. Президент Тоқаев Қазақстанның даму, ілгерілеу және реформалар жолын таңдап жатқанын көрсетті. Бұл оның тарихи миссиясы, ел басшысы ретіндегі жауапкершілігі. Реформалардың түпкі мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру, еліміздің егемендігін нығайту, демократиялық институттарды нығайту және жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыру», – деді Еркін Тұқымов.
ҚСЗИ директоры реформалардың түпкі мақсаты әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру, еліміздің егемендігін нығайту, демократиялық институттарды шыңдау және жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыру екенін баса айтты.
ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы аясында заңның үстемдігі мәдениеті жаңартылып, адам құқықтарын қорғау және құқық қорғау институттарын нығайту саласында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын – олардың ішінде қалпына келтірілген Конституциялық сот орталық орын алатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Конституциялық соты Конституцияның сақталуын қамтамасыз ету бойынша маңызды миссияны жүзеге асырады. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын сот жүйесінің негізгі элементіне айналды. Сот заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеріп, конституциялық дауларды шешеді, бұл мемлекетіміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілі болып табылады.
Конституциялық сотты құру оның өз функцияларын тиімді орындауына мүмкіндік беретін тәуелсіздік пен әділдік қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады. Конституциялық сот қызмет етуі жылдарында заңның үстемдігін бекітіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайтуға көмектесетін маңызды нәтижелермен көрінді, – деп атап өтті Эльвира Әзімова.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
















