22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды.
Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.
Осы орайда Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесіне байланысты Ақмола облысы, Егіндікөл ауданында барлық карантиндік шаралардың талаптарын сақтай отырып, 21Наурыз күні орталық алаңда мерекелік іс-шара аталып өтті. Ұлттық мерекеміздің мерейін асқақтату үшін алаңға киіз үйлер тігіліп, алтыбақан қойылып,тәтті тағамдардан таратылып, сондай-ақ қызықты спорттық шаралар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар қойылды.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамаған барша игі-жақсылар жылына бір келетін Наурыз мерекеміздің жоғары әрі жақсы деңгейде өтуіне ешқайсысы аянып қалмады.
Барша жұртты бір тудың астына жиналуға шақырған Егіндікөл ауданының әкімі Мұхамедин Ерлан Қыздарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп,іс-шара соңында жеңімпаздарға марапаттау рәсіміне шақырып, бағалы сыйлықтармен табыстады. Татулығы мен бірлігі жарасқан аудан тұрғындары мен қонақтарына ерекше лебізді мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!