Шын мәнінде ауыл шаруашылығын ілгерілету - экономиканы оңтайландырудың бірден-бір жолы екендігі жер емген халқымызға, оның ішінде шаруаны белден басқан шу өңірі диқандарына бесенеден белгілі.
Осыған орай, «Amanat» партиясы аудандық филиалының ғимаратында облыстық штаб төрағасының орынба- сары, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Момынқұлов Шәкір Мадиярбекұлының төрағалығымен көктемгі дала жұмыстары барысында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндіру жұмыстарына негізделген жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков, тиісті мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Осы қарқынмен қытымыр қыстың ақырғы айы, көктемге ілігер тұста шулық диқандар егістік науқанына қызу дайындықты бастап кетпек. Көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізу - мол өнім алудың негізі. Әсіресе, тұқым дайындау және тыңайтқыштармен жұмыс жасау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жиынға қатысушылар егістік жұмыстары төңірегіндегі түйткілді сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.
«Көктемде түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» демекші, басын көтеріп елден сұрауды емес, басын иіп жерден сұрауды жөн деп білетін шаруалар қауымы мемлекеттің қолдауының арқасында мол өнімге қол жеткізіп, шұрайлы Шу жерінің астық қамбасын дәнге толтырсын.