Оралдықтар жылдағы дәстүрлерінен жаңылмай, алдымен 6 шілде – Астана күнін, одан кейін шілденің алғашқы жексенбісіне келген 7-жұлдызында Ұлттық домбыра күнін атап өтті.
Елорданың туған күнінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған Open Air мерекелік шоу бағдарламасы қалалық «Мәдениет және демалыс саябағында» өтті. Кеш барысында Жастар мәдениет сарайының Е.Абдулов атындағы үрмелі аспаптар оркестрі тұрғындарға мерекелік көңіл сыйлады. Ал әншілер вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен табиғи дауыста ән шырқады. Шоу бағдарлама түрлі танымдық ойындармен, көбікті дискотекамен, би кешімен жалғасты. Бағдарлама соңы ашық аспан астындағы кинотеатрмен өз мәресіне жетті.
Астана күнінде Тұңғыш Президент алаңында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымының бастамасымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар қаламыздың шағын аудандарында мерекелік іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар концерттік бағдарламаларға ұласып, жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл күй тарту етті. Түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Келесі айтулы мереке – Ұлттық домбыра күніне орай Оралда арнайы музей ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінен ашылған бұл бөлімге «Домбыра – ұлттық рух» деген атау берілген. Жаңа музей «Домбыра тарихы», «Құрманғазы Сағырбайұлы», «Құрманғазы оркестрі», «Батыс өңірінің домбырашылары» атты төрт экспозициялық залдан құралған. Жүзге тарта жәдігер жинақталған музейде домбыраның шығу тарихына және батыс өңірінің күй, дәстүрлі ән мектептеріне қатысты деректер, күйшілердің киімдері мен тұтынған аспаптарының түпнұсқаға негізделген көшірмелері орын алған. Ал Д.Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің солист-қобызшысы, өнертану кандидаты, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», қобызшы Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Ақнар Тәттібайқызы Ықылас атасының қобызының көшірмесін музей қорына ресми түрде табыстады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО Орал қаласы