Елімізде табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осы игілігі мол іске Орал қаласының тұрғындары да өз үлестерін қосуда.
Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен сәуір айында басталған акцияның мақсаты – халық арасында қоғамдық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жанашырлық пен құрмет құндылықтарын дәріптеу болып табылады. Осы ретте облыс орталығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық іс-шарасы кең көлемде өтуде.
Өткен аптаның сенбісінде ұйымдастырылған тазалық іс-шарасы Жеңіс алаңынан бастау алды. Алаңға жиналған мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері алдында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев:
– «Таза Қазақстан» акциясына батысқазақстандықтар да белсенді қатысуда. Тазалық шарасы басталғалы бері өңіріміздің 70 мыңға жуық тұрғыны, 2 мыңнан астам түрлі мекемелері тұрақты түрде сенбіліктер өткізді. Нәтижесінде 52 мыңнан астам аула, 55 мыңнан аса тұрғын үй аулалары, 1221 әлеуметтік нысан, 2 411 өнеркәсіптік нысан, 501 тарихи-мәдени ескерткіш, 2231 саябақ күл-қоқыстан тазартылды. Қаламызды көгалдандыру бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Осы акция аясында шаһарымызда екі мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарлануда. Барша жерлестеріме белсенділіктері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Туған өлкемізді одан әрі көркейтуге бір кісідей үлес қосайық, – деді.
Сенбілік барысында қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына облыс орталығындағы түрлі мекеме-кәсіпорындардан 10 мыңнан астам адам тартылды. Сондай-ақ акция аясында қала аумағын жаппай тазалау, тынымбақтар мен алаңдардағы ағаштарды қопсыту, әктеу, мемлекеттік және жекеменшік нысандардың аумағын тазалау, аялдамаларды, билборд, жарнама тақталарын, ақпараттық панельдерді жуу, құрылыс және бизнес нысандардың тазалығын тексеру, өзге де жоспарланған іс-шаралар өз жалғасын тапты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы елді бірлікке шақырып, тазалықты насихаттайды. «Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал таза көше мен көгалды саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние» дейді оралдықтар.
Әсіресе, белсенді жастар экологиялық акцияға қатысып, жасыл қаламыздың келбетін жаңартып, көркін келтіруде.