«Экологиялық мәдениетті сақтайық!» – дейді оралдық жастар

«Экологиялық мәдениетті сақтайық!»  – дейді оралдық жастар

 

Бүгінгі күннің басты талабы – қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашырлықпен қарау. Орал қаласында осындай мақсатты көздеген байқау өтті.

Бұл байқауды шаһар тазалығына жауапты «Орал таза сервис» ЖШС ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және экологияны жақсарту, өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Аталмыш іс-шараға мектеп оқушылары мен оқу орындарының студенттері қатысып, табиғатты қорғауға және тұрмыстық қалдықтарды тиімді сұрыптауға бағытталған 50-ге жуық жоба ұсынды. Олардың арасынан үздік деп танылған 13 жоба қорытынды кезеңге жолданды. Бұл жобаларды сараптауға экология саласының мамандары, ғалымдар және облыстық мәслихат депутаттары қазылық етті. Қазылар алқасы жастардың экологияны қорғаудағы рөлін атап өтіп, жобаларды жоғары бағалады. Әсіресе, қалдықтарды сұрыптауға арналған ерекше идеялар мен жобалар назардан тыс қалмады. Табиғат жанашырлары бұл жобаларды жасыл экономикаға алғашқы қадам ретінде сипаттады. Олардың айтуынша, жаңа жобалар шамамен 10 жыл ішінде өз жемісін беріп, экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосатын болады.

– Байқауға ұсынылған жобалар өте көп. Соның ішінде өзіме ерекше ұнаған әдістер де болды. Мысалы, бір мектептің оқушылары қарапайым қарындаштың ұшына түрлі өсімдіктердің дәндерін салып қойған. Бұл жоба екі маңызды мақсатты көздейді: біріншісі – тазалық үшін, екіншісі – дәнді жерге егіп, одан гүл немесе жеміс өсіру арқылы оттегін молайтуға, көмірқышқыл газын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның мәні – азон қабатын сақтауға бағытталған. Біз осындай инновациялық тәсілдерге үлкен үміт артамыз, – деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Азамат Бисенов.

Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары «Tazalyg» жобасымен жеңіске жетті. Жүлделі екінші орынды қаладағы №51 жалпы орта білім беретін мектебінің 7 «В»-сынып оқушысы Бек Қуаныштың жобасы иеленді. Ал үшінші орынға шаһарымыздағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Найля Еслямованың жобасы лайықты деп танылды.

Бұл байқау жастардың экологияны қорғауға деген ынтасын арттырып, қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны сақтауға арналған жаңа идеяларды насихаттауға таптырмас мүмкіндік болды. Табиғат жанашырларының бастамаларының арқасында болашақта еліміздің экологиялық жағдайы жақсара түсеріне сенімі мол.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

 

 

13.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14102
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29248
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27890
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31411