Ел бірлігі – басты байлығымыз

Ел бірлігі –  басты байлығымыз

Ынтымақ, бірлік, келісім – Қазақ елі үшін ең асыл бақыт. Кешегі зұлматты кезеңдерде ата-бабалары, әке-шешелері Қазақстанға жер аударылып, қонақжай халқымыздың ыстық ықыласы мен бауырмалдығының арқасында бір шаңырақтың астында тоғысқан ұлт өкілдері бүгінде өсіп-өніп отыр.  Алматы – Қазақстанның ірі қаласы. Қала бұрынғыдай астана болмаса да, ол Орталық Азиядағы қаржылық, мәдени, экономикалық нысан болып саналады. 

Халық тығыз орналасқан Алматыда бір атаның баласындай тату өмір сүріп жатыр. Өзге ұлт өкілдері репрессия, депортация, Ұлы Отан соғысы және кеңестік биліктің жүргізген әлеуметтік-саяси науқандарының салдарынан Қазақстанға көшіп келіп қоныстанды. Бұлардың бірқатары 1950 жылдардың ортасында өз еліне қайтуға рұқсат алса, кейбіреуінен шектеулер алынбады. Сондай қиын-қыстау заманда келгендердің қайтадан қайтуы да қиындықтарға толы болды. Қазіргі күнде Алматы қаласында тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі бір кездері тағдырдың айдауымен келген жұрттың ұрпақтары. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның тең құқылы азаматтары ретінде өсіп-өніп, қазақ жерінде мәдениет, білім, ғылым, экономиканың дамуына үлес қосып еңбекке араласып, еліміздің дамуына атсалысуда. Олардың тарихы бүгінгі қазақ елінің тарихымен тағдырлас болды. Алматы қаласы көпэтностылығымен ерекшеленеді. Алматыда тұратын түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақта өмір сүріп келеді. Қоғам өміріндегі аса маңызды саяси шаралардың бірі 1995 жылы болды. Ол Қазақстан халықтары Ассамблеясының  құрылуы еді. Ассамблея құрылған уақыттан бері біздің ортақ шаңырағымыздың берік құрылымының бірі болып табылады. Ассамблея еліміздегі саяси тұрақтылық, татулық пен этносаралық келісім институтына айналды. Бір ғасырға жуық қазақ халқымен бірге қуанышта да, қайғыда да бірге жасасты. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің  шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі. Қазақстан тәуелсіздігінің баянды, халқының бірлікте, ынтымақта болуының басты кепілі  Қазақстан халқы ассамблеясы болуы қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап үлкен шоғырландырушы тәжірибе жинақтап, халықтық дипломатия институтына айналды. Ол күллі әлемге Қазақстанның этносаралық қарым-қатынастар саласындағы жүргізіп отырған саясатының табыстылығын паш етті. Өзінің даму тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында мемлекеттік маңызды мәселелер қарастырылды, олардың ішінде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум, Қазақстанның егеменді ел ретіндегі даму және қалыптасу стратегиясы, Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасы.  Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттің құрылысына байланысты қоғамдық-саяси өмірде ауқымды өзгерістерді бастағандықтан, еліміз үшін этносаралық мәселе өте өзекті. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқының дәстүрлері мен діліне негізделген тарихи бастаулар арқылы қалыптасты. Соған сәйкес қазақ халқы Қазақ жерінде мекендейтін барлық этностарды бір халық ретінде топтастырады.  Қазақтың тарихи ұлттық толеранттылығы өзінің басты сипатымен ерекшеленеді. Қазақтың ұлттық толеранттылығы тұйық емес, ашық, қонақжай, адамдарды жақындастырады, яғни адамдарды ажыратпайды. Қарым-қатынасқа дайын екендігін көрсетеді. Бұл қазақтардың жер аударылған халықтарды қалай қарсы алғандығынан айқын көрінеді. Қазақстанда тұратын 130 этникалық топтарының 60-тан астамы күштеп жер аудару үдерісіне ұшырағандар. Қазақстан – көпэтносты мемлекет, онда азаматтық қоғам негізінде бір халық қалыптасады. Мұндай мемлекетте халық бірыңғай саяси субъект, бірыңғай саяси қоғамдастық ретінде әрекет етеді. Бұл жағдайда ұлттың азаматтық-құқықтық түсіндірмесі және «Бір халық» деген тұжырымдама сәйкес болып табылады. Бұл ұғымда ұлт – бұл елдің барлық азаматтарының жиынтығы, ол жеке тұлғалар қоғамдастығы, бірыңғай азаматтық бірегейлік, этникалық, конфессиялық және мәдени айырмашылықтардан жоғары тұрады.  Жалпыұлттық идея – бұл өзінің этникалық құрамының бірегейлігімен барша қазақстандықтардың идеясы. Ол қоғамда біріктіруші, тұтастырушы рөл атқарады. Тарихи түрде Ассамблея өз құндылығын дәлелдеді. Қазақстандық тәжірибені әлемдік қауымдастық зерделеуде, ол ХХІ ғасырдың ұлттық саясаттың өзіндік эталоны болды. Жан-жақты ойластырылған мемлекеттік ұлттық саясаттың арқасында республикамызда жемісті еңбек пен серпінді даму үшін барлық жағдай жасалған.  Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл қоғаммен қатар белсенді дамып келе жатқан ұйым болып табылады. 2005 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен тиісті әдістемелік ұсынымдамалар бекітілді. 2007 жылғы конституциялық өзгерістерге сәйкес, Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы атауын алды, бұл мемлекеттік этносаясаттың барлық парадигмасының өзгеруін білдіреді. Өйткені оның негізгі қағидасы – Қазақстан этностарының этномәдени қайта өрлеуін қамтамасыз етуге жақындасып, Қазақстанның біртұтас халқының бірлесуін қамтамасыз ету. Ассамблея еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына 9 депутатын сайлаған толыққанды конституциялық орган болды. Конституциялық жаңалықтарды іске асыру, сондай- ақ мемлекеттік саясатты жүргізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен мәртебесін нығайту мақсатында 2008 жылы ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблея «елдің саяси жүйесінің субъектісі ретінде» заңды түрде бекіді.  Арнайы заң Ассамблеяның қызметі мен құрылымын белгілеген нормативтік-құқықтық үйлестіруші, оның бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін қамтамасыз етті. Ассамблея қызметіндегі маңыздысы оның этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті атқарушы органдары жұмысының үйлестірушісі ретіндегі қызметін күшейту болды. Осылайша, этносаясатты дамыту қоғамдық-саяси институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі бекітілді. Ассамблеяның инфрақұрылымын, оның азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік жүйесіне кірігуіне байланысты түбегейлі институционалдық нығайту жүргізілді.  2013 жылы Ассамблея кезекті және қоғам үшін аса маңызды «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасын ұсынды. Аталған жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан этностары арасындағы келісім, бірлік және достық қағидатын іске асыру, оның рухани және мәдени әралуандылығын дамыту. Жобаның басты міндеті бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шараларды ұйымдастыру бойынша оң жұмыс тәжірибесін насихаттау болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің әрбір аймағында гүлдену бағытында жұмыс істейді. Жыл сайын бұл жалпы азаматтық институт еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өз позицияларын нығайта түсуде. Бүгінде Ассамблея Қазақстан этностары арасында қоғамдық келісімді, тұрақтылықты, бірлік пен достықты сақтай отырып, этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты табысты іске асырудың жетекші тетіктерінің бірі болып отыр. Қазақстанда уақыт сынынан өткен этносаралық және дінаралық келісім үлгісі құрылды. Еліміздің әртүрлі конфессиялардың өзара әрекеттестігі тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестер, соның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ зерделеуде.  Бүгінгі әлемдік ахуалды да мамыражай деп айтуға болмас. Бізге мұның да әсер-ықпалы бар. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшіліктің бесігі, мәдениеттер мен діндер диалогына арналған алаң ретінде қабылданады. 

Б.Алиев, түрік қауымдастығының ақсақалы:

 – Ассамблея – осы күні достығымыздың кепілі. Елдегі тұрақтылықтың негізі. Бұл ұйым мемлекеттегі түрлі ұлттардың мәдениетін, тілін дәріптеуге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде этнос арасында байланыстар бекіді. Елдегі барша адамның құқығы теңестірілді. Тұрақтылық болмай, іргеміздің бүтіндігіне кепіл жоқтығы анық. Кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғаны – ел тілегі. 

 

Яннат Низамутдинова, татар орталығының төрағасы:

– Қазақстанымызда  түрлі ұлт бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Тарих теперішімен Қазақстан азаматына айналған өзге ұлт өкілдері бір отбасының мүшелеріндей ортақ мүддеге жұмылды. Осы арқылы талай сындарлы сәттен сүрінбей өттік. 

 

Салман Героев, ингуш қауымдастығының ақсақалы:

–      Біз       Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауды сезініп келеміз. Бұл зор бақыт емес пе?! Ассамблеяның құрылғанына  25 жылдан асты. Ширек ғасырда бұл ұйым дамудың даңғыл жолынан өтті. Уақыт сырғыған сайын ұйымға жаңа міндет жүктеліп келеді. Бірегей институт тек ұлттар арасындағы бірлікті бекемдеуге ғана емес, экстремизм мен радикализмге жол бермеуге де жауапты. Азаматтардың саяси-құқықтық мәдениет қалыптастыруы да осы ассамблеяның мұраты. Осы тұрғыда 2009 жылы ұйым жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды. 

Г.ТҰРСЫН
15.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 20
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 30
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 10
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 15
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 19
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 17
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 34
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 30
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 251
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 246
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 870

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8944
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8336
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11564
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9322
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10548