Үстіміздегі жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. 2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде тойланып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып үзіліп барып қайта оралды.
– Осы мерейлі мерекеге мыңға жуық іс-шара жоспарланып, мереке күндері аталып өтті. Мереке күні 25 қазанда өңірдің барлық орталық алаңдарында, саябақтар мен скверлер, ойын-сауық орындарында жалпыхалықтық сипат алған мәдени іс-шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Облыс аумағында жаңа нысандардың ашылу салтанаты болды. Олар Бестөбе ауылының №2 орта мектебіндегі өлкетану мұражайы, Сандықтау ауданында екі 36 пәтерлі тұрғын үй және Балкашин ауылында «Урожай» стадионы сияқты 7 нысан, Целиноград ауданы Қоянды ауылында медициналық орталық, Аршалы ауданында 240 адамды жұмыспен қамтитын темірбетон бұйым шығаратын «SG Beton» зауыты пайдалануға берілді.
«Мұратымыз – Мәңгілік Ел!» атты өнер фестивалі, республикамыздың үздік театрларының қатысуымен театрлар фестивалі (Алматы, Қызылорда, Ақтау, Көкшетау), «Қазақстаным – мақтанышым!» балалар вокалды ұжымдарының облыстық фестивалі, «ТеАРТ Көкше» халықаралық театр фестивалі (Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Армения, Грузия), «Еңсесі биік Егемен Ел!» атты оқырмандар конференциясы, «Көкшем менің, саған арнадым!» жас ақындар поэзия кеші, «Мен елімді сүйемін!» патриоттық әндер байқауы, «Туған елімді жырлаймын» атты аймақтық ақындар мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тұғыры» бір актілі нео-балет спектаклі (қоюшы – біздің жерлесіміз, «Көкшетау» халықтық би ансамблінің түлегі, «Салтанат» мемлекеттік ансамблінің әртісі Алексей Ковалев), Алматы қаласынан келген театр режиссері, хореограф, балеттанушы Дамир Оразымбетовтың қатысуымен «Бастау» композициясы, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, «Көкшетау» халықтық-хореографиялық ансамблінің жетекшісі Мадина Тілеулинаның жетекшілігімен «Мәңгілікке қадам» қойылымы сахналанды. Бұл, біз жоғарыда санамалап өткен іс-шаралар, мерекелік дата қарсаңында өткізілетін мыңға жуық іс-шаралардың бір парасы ғана. Елдігіміздің белгісі, рухымызды жігерлендіретін айтулы мерекені ақмолалықтар жоғары деңгейде атап өтті деуге негіз бар. Солардың кейбірін оқырманға таныстыра кетсек.