3 тамыз күні Астана қаласында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының XI отырысы өтті. Бұл туралы ОСК сайтында хабарланды.
ОСК отырысына ТМД атынан Байқаушылар миссиясы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары, саяси партиялардың, Сыртқы істер, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің және БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар бейнеконференциялық байланыс режимінде астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыстардың аппарат басшылары қосылды.
Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына ұсыну туралы»;
«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы»;
«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудағы онлайн-сервистердің жұмысы туралы»;
«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетені туралы»;
«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы».
ОСК отырысын ашқан Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру сайлау процесінің маңызды кезеңдерінің бірі екендігіне тоқталды. Азаматтардың конституциялық сайлау құқығын жүзеге асыру сайлаушылар тізімдерінің негізінде мүмкін болады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының алдыңғы отырыстарында жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізілгені және өздері туралы деректерді нақтылау мүмкіндігі туралы кеңінен ақпараттандыру тапсырылған болатын.
«Конституциялық заңға сәйкес 2 тамызда өңірлердің әкімдері әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына ұсынды. Сайлаушылар тізімдерінің электрондық нұсқалары тиісті аумақтық сайлау комиссияларына берілді. Осылайша, заңнамада белгіленген кезекті кезең бойынша жұмыс толық орындалды. Ендігі міндет - сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері бойынша енгізілетін өзгерістерді уақытылы қарау және оларды тізімдерге енгізу. Сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын дауыс беру күніне дейін жүйелі түрде жалғастыру да маңызды», – деді Нұрлан Әбдіров. Аталған жұмыстардың өңірлерде орындалу барысы туралы отырыста облыстардың әкім аппараттарының басшылары есеп берді. Атап айтқанда, олар сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру, оның ішінде үздіксіз өндірісі бар ұйымдар мен вахталық орындарда жаңадан құрылған сайлау учаскелері бойынша тізімдерді қалыптастыру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімдерін беру, азаматтарды ақпараттандыру, call-орталықтардың жұмысы және өзге де ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат ұсынылды. Өңірлер бойынша жиынтық ақпаратты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов таныстырды.
«Еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілді. Электоралдық науқан басталғаннан бері республикада 221 call-орталық өз жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін оларға 6 080 өтініш келіп түсті. Call-орталықтар туралы ақпарат Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында орналастырылған», – деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов.














