Елімізде әлеуметтік қолдау жаңа деңгейге көтерілді

Елімізде әлеуметтік қолдау жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отыр. Биыл зейнеткерлерді, балалы отбасыларды, көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды және еңбек нарығына қатысушыларды қолдауға бағытталған шаралар кеңейтіліп, әлеуметтік көмектің жаңа цифрлық тетіктері енгізілді.

 

 Зейнетақы төлемдері ұлғайды

Инфляцияның халық табысына әсерін төмендету мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы мен барлық зейнетақы төлемдері 10 пайызға индекстелді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 4,9 трлн теңге бөлінді.

Нәтижесінде 2,6 миллионға жуық қазақстандық зейнеткер мемлекеттік қолдауға ие болды. Жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 105 мың теңгеге дейін өссе, ең жоғары мөлшері 238 мың теңгеге жетті. Орташа зейнетақы көлемі 198 мың теңгені құрады. Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесі де тұрақты дамып келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 25,7 трлн теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 69 пайызын қамтыды.

 

 Ана мен балаға көрсетілетін қолдау күшейтілді

Мемлекет отбасы институтын нығайту мен демографиялық өсімді қолдауды әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Осыған байланысты биыл балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 10 пайызға арттырылды.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 974 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері мемлекеттік төлемдерді 1,3 миллионға жуық азамат алды.

Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы ретінде 149,8 мың азаматқа 29,6 млрд теңге төленді. Сонымен қатар жұмыс істемейтін 131,2 мың ата-анаға бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін жалпы көлемі 21 млрд теңге ай сайынғы төлем берілді.

Көпбалалы отбасыларды қолдау да басты назарда. Бүгінде 636 мың көпбалалы отбасыға 303,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ал 248,7 мың марапатталған анаға 43,9 млрд теңге жәрдемақы төленді. Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде елдегі көпбалалы отбасылар саны бір жыл ішінде 20,9 мыңға артты.

 

 Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мүмкіндігі кеңейді

 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленетін әлеуметтік төлемдер көлемі де 10 пайызға өсті. Жалпы алғанда түрлі әлеуметтік тәуекелдерге байланысты 896,3 мың адамға 332,7 млрд теңге төленді.

Оның ішінде еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан 92,7 мың азаматқа 25 млрд теңге, асыраушысынан айырылған 66 мың отбасыға 19,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сондай-ақ жұмысынан айырылған 236,5 мың адамға 62,6 млрд теңге төленсе, жүктілік пен босануға байланысты 70,1 мың әйелге 72,7 млрд теңге бағытталды. Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді 431 мың адам алып, оларға жалпы көлемі 153,3 млрд теңге қарастырылды.

 

 Атаулы әлеуметтік көмек пен инклюзивті қолдау

Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Биыл 36,4 мың отбасындағы 196,4 мың адамға жалпы сомасы 17 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектепке дейінгі жастағы 61 мың балаға қосымша ай сайынғы төлемдер берілуде. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары да күшейтілді. 545 мың адамның жәрдемақысы 10 пайызға өсіп, орташа көлемі 87 мың теңгеге жетті. Қаржылық қолдаумен қатар қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Инклюзивті саясат аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделген инфрақұрылым нысандарының саны 30 мыңға жуықтады. Бұл бір жылға жоспарланған жұмыстың 70 пайызына тең.

Қазіргі уақытта 12 өңірде жаңа оңалту орталықтары салынуда. Сонымен қатар 10 қалада аутизмі бар балаларға арналған күндізгі орталықтар ашылды. Ал әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өткен жылдан бастап міндетті лицензиялау жүйесі енгізілді.

 

Жұмыспен қамту – әлеуметтік саясаттың басты бағыты

Елімізде жұмыспен қамту саласындағы оң көрсеткіштер сақталып отыр. Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деңгейінде болған жағдайда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз көлемінде қалыптасты. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 9,7 миллион адамға жетті.

Жыл басынан бері 249,6 мың азамат жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 69,9 мың адам тұрақты жұмыс орындарына қабылданса, 69,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

«10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы аясында 55,7 мың адам еңбекпен қамтылды. Инвестициялық жобаларда тағы 5 мың адам жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар 182,3 мың адам кәсіптік бағдар беру, онлайн оқыту және «Бастау Бизнес» бағдарламалары арқылы жаңа дағдыларды меңгерді. Enbek.kz платформасында іске қосылған «Менің жазғы демалысым» жобасы мектеп оқушыларының алғашқы еңбек тәжірибесін алуына мүмкіндік беруде.

Бүгінде жалпы құны 103,4 трлн теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба аясында ашылатын 426,6 мың жаңа жұмыс орны арнайы цифрлық платформа арқылы бақылауға алынған.

 

 Әлеуметтік қолдаудың жаңа моделі – цифрлық патронаж

 Әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты – цифрландыру. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың деректерін біріктіретін Smart Data Ukimet жүйесінде еліміздегі 6,2 миллион отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Азаматтардың өмірлік қиын жағдайларына жедел әрекет ету мақсатында өңірлерде 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.

Family Service Management бірыңғай цифрлық платформасы арқылы 30 мыңнан астам өтініш қаралып, 25 мың отбасы құқықтық және психологиялық көмек алды. Ал 5 мың отбасы тұрақты әлеуметтік патронажға алынған. Сонымен қатар Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында әлеуметтік көмектің бірыңғай цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Жаңа жүйе азаматтарды формалды санаттарға бөлу қағидатынан бас тартып, әр отбасының нақты әлеуметтік жағдайы мен қажеттілігіне қарай қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, әлеуметтік саясаттағы қазіргі өзгерістер қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Мемлекет әлеуметтік қорғаудың жаңа моделін қалыптастырып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға, отбасылардың тұрақтылығын нығайтуға және әлеуметтік көмекті барынша тиімді әрі әділ жеткізуге басымдық беріп отыр.

 Елқуат Елтөре

29.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26936
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26382
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43747
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39531
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44119