Қазіргі уақытта еліміз балалар әдебиетіне көп көңіл бөліп жатыр. Өйткені жас ұрпақтың саламатты болып өсуінде кітаптың берер тәрбиесі зор. Кітап оқу олардың жан дүниесін нұрландыра түседі. Алайда мектеп оқулықтарында және көркем әдебиет құралдарында кездестіріп, шығармаларымен таныс болған автордың өзімен жүздесу соны әсер қалдыратыны айтпаса да түсінікті. Бұл жас оқырманның арманына арман қосып, қиялына қанат бітірері анық.
Осы мақсатта балалар жылын қорытындылау аясында, 2022 жылы 24 қарашада Алматы облыстық әмбебап кітапханасында «Ең үздік кішкентай оқырман» атты өңірімізге белгілі балалар жазушыларымен кездесу кеші өтті.
Кешке Алматы облысының балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын-жазушылары: Республикалық «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Қымбат Әбілдақызы, балалар жазушысы, публицист, аудармашы Байбота Қошым-Ноғай, көрнекті қаламгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжан, балалар жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, «Жамбыл», «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері Нұрдәулет Ақыш, көрнекті қаламгер, Қазақстан Журналистер сыйлығының лауреаты Сәбит Дүйсенбиев, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, балалар жазушысы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Баянжүрек» баспасының директоры Арасанбай Естенов, «Ертегілер елінде» журналының директоры Махмұт Қосмамбетов сынды қаламгерлер қатысты.
Қаламгерлер жас оқырмандардың көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп, жас оқырмандар ақын-жазушылар шығармашылығы бойынша өз өнерлерін көрсетті.
Шараның негізгі мақсаты жас оқырмандарды өздері сүйіп оқитын қаламгерлермен кездесуді ұйымдастыра отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін ояту, жазушы мен оқырман арасындағы байланысты нығайту болды.
«Ең кішкентай оқырман» атты кешке Алматы облысының оқушылары мен ұстаздары, кітапхана қызметкерлері қатысты. Кештің әрін келтірген – оқушылардың жүрекжарды тілектері мен шығармашылық өнерлері. Ұлттық құндылыққа негізделген сахналық қойылым, балалар жазушылары шығармаларынан инсценировка және монолог, өлең оқылды. Жас оқырмандардың шығармашылық қабілеттері жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, тарихын құрметтейтін, тілін қастерлейтін, салт-дәстүрін қадірлейтін, мәдениеті мен парасаты биік, ойы жүйрік, қиялы ұшқыр, сөзі ұтқыр ұрпақ тәрбиелеуге негіз болған басты бағыт деп білеміз. Сол себепті осындай жүздесулердің көп болғаны жас таланттың бүршік атуына септігін тигізетіні анық. Кітапқұмар оқушылардың жиналуына орай балалар басылымының жәй-күйі туралы тоқталған Дәулетбек Байтұрсынұлы «Мөлдір бұлақ» журналына жазылу туралы айтып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.