ЕО «Global Gateway» стратегиясы аясындағы ХСО және ЭЫДҰ жобаларының жетістіктері мен болашақ жоспарлары
Алматы, Қазақстан – Жоғары деңгейдегі іс-шара Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын Орталық Азиядағы екі аймақтық жобаның жетістіктерін атап өтті: ХСО жүзеге асыратын Ready4Trade Central Asia және «Орталық Азия Инвест» бағдарламасының ЭЫДҰ стратегиялық құрамдас бөлігі. Бұл жобалар Орталық Азия елдерінің сауда реформаларын ілгерілету, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, өзара байланыс пен аймақтық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігерлерін қолдайды.
Іс-шараға Орталық Азияның мемлекеттік саясатты әзірлеу бойынша жауапты тұлғалар мен жеке меншік және мемлекеттік секторларының негізгі мүдделі тараптары, сондай-ақ Еуропалық Одақтың, Халықаралық сауда орталығының (ХСО) және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдері қатысты.
Жоғары Мәртебелі Кестутис Янкаускас мырза, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі: «Еуропалық Одақ Орталық Азия үкіметтеріне халықаралық серіктестермен бірге, атап айтқанда ХСО және ЭЫДҰ-мен, бизнес-ортаны, сауда және көлік байланыстарын реформалау жөніндегі жұмыстарында ұзақ уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта біз Орталық Азия мен Еуропаны жақындата алатын бәсекеге қабілетті, мультимодальды және тұрақты дәлізге айналдыру үшін Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірге Транскаспий көлік дәлізінің әлеуетін дамытуға күш салатын боламыз. Осы мақсатқа жету үшін біз ЕО-ның қаржылық қолдауымен ХСО және ЭЫДҰ жүзеге асыратын жаңа «Өркендеу» бағдарламасының басталуын асыға күтеміз».
Жанель Кушукова ханым, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі :«Біз Орталық Азияның сауда және көлік байланысын жақсартуға қолдау жасағаны ЭЫДҰ мен ХСО-на алғыс білдіреміз. Біз аймақты байланыстырып, бәсекеге қабілетті ету үшін олармен одан әрі жұмыс жалғастырамыз деп үміттенеміз»
ХСО-ның Ready4Trade Central Asia жобасы Орталық Азияның бес елінде аймақішілік және халықаралық сауданы дамытуда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Үкіметтермен тығыз жұмыс жасай отырып, аталмыш жоба сауда процедураларын жеңілдету және цифрландыру арқылы, оларды тиімдірек, ашық және арзанырақ ете отырып, трансшекаралық саудадағы кедергілерді жоюда қызмет атқарды. ШОБ-ты қолдау қажеттілігін мойындай отырып, жоба аясында ШОБ-ке арналған ұлттық сауда академиялары құрылды және жұмыс орнында жеке оқыту бағдарламалары әзірленді: бұл ШОБ-тың әлемдік нарыққа қатысу мүмкіндіктерін арттырды.
ЭЫДҰ жеке меншік секторды дамыту, интернационалдандыру, цифрландыру, сауда және көлік байланысы, және соққыларға төзімділік сияқты салалардағы реформаларды қолдайды. Осы мақсатта ЭЫДҰ өзінің негізгі күшті жақтарына негізделді: ЕО-ЭЫДҰ-Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығын нығайту, озық тәжірибелермен алмасу және одан әрі реформаларға деген міндеттемелерге қол жеткізуге бағытталған жоғары деңгейдегі саяси диалог; мемлекеттік және жеке меншік секторлары арасындағы диалогты күшейту, деректерді жинау және әлеуетті арттыруды ілгерілету мақсатындағы ұлттық деңгейдегі семинарлар; саясат бойынша бағалау мен ұсыныстарды, жеке меншік секторындағы сауалнама нәтижелерін және елдердің озық тәжірибесін қамтитын дәлелді басылымдар. Жалпы алғанда, ЕО-ның «Орталық Азия Инвест» бағдарламасының стратегиялық құрамдас бөлігі аясында ЭЫДҰ үш офлайн және төрт онлайн министрлік іс-шараларын, 65-тен астам семинар өткізіп, 12 аналитикалық басылым дайындады.
ЕО-ның қаржылық қолдауымен ХСО және ЭЫДҰ жүзеге асыратын алдағы Өркендеу бағдарламасы Орталық Азия мен ЕО арасындағы өзара байланыс пен экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуда шешуші рөл атқарады.
Еуропалық Одақ – Еуропаның 27 елінен тұратын экономикалық және саяси одақ. Ол – адамның қадір-қасиетін құрметтеу, бостандық, демократия, теңдік, заң үстемдігі және адам құқықтары, соның ішінде азшылық өкілдерінің құқықтарын құрметтеу құндылықтарына негізделген. Қоғам, қоршаған орта және экономиканың тұрақты дамуына жәрдемдесу үшін әркімнің пайдасына орай жаһандық деңгейде әрекет етеді.
Халықаралық сауда орталығы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен мекемесі болып табылады. ХСО дамушы елдер мен өтпелі экономика елдеріндегі шағын және орта кәсіпорындардың жаһандық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қолдау көрсетеді, осылайша «Саудаға жәрдемдесу» бағдарламасы және БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары аясында тұрақты экономикалық дамуға үлес қосады.
Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы – баршаның өркендеуіне, теңдігіне, мүмкіндіктері мен әл-ауқатына ықпал ететін саясатты әзірлеуге арналған халықаралық ұйым. Ұйым әлемді болашаққа жақсырақ дайындау үшін өзінің 60 жылдық тәжірибесі мен біліміне сүйенеді. Бұл ұйым дәлелдерге негізделген халықаралық стандарттарды әзірлеу және кең ауқымды әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелердің шешімдерін табу үшін үкіметтермен, мемлекеттік саясатты әзірлеу бойынша жауапты тұлғалармен және азаматтармен жұмыс істейді. Осылайша, деректерді жинау және талдау, озық тәжірибе алмасу, мемлекеттік саясат мәселелері бойынша кеңес беру және халықаралық стандарттарды орнату үшін бірегей форум мен білім хабын қамтамасыз етеді.