Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ұстаздар күні қарсаңында үздік педагогтар мен білім саласының ардагерлерімен кездесті.
Жиналғандарды құттықтаған аймақ басшысы ұстаздың әрбір адам мен жалпы қоғам өміріндегі алатын орны ерекше екенін атап өтті.
«Әр адамның артында ұстаз тұрады. Сондықтан ұстаздар Тәуелсіздік тұғырында еліміздің туын желбіретті десек артық болмас. Өскелең ұрпаққа халқымыздың баға жетпес жетістігі – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандықтың басты міндеті екенін ұғындыру керек.
Ол үшін қайратты, намысшыл, рухы биік жастарды тәрбиелейтін орта керек. Ал мұнда мұғалімнің рөлі өте жоғары. Ел болашағын сезінетін, оның намысын қорғап, мемлекетіміздің туын биікке желбірететін ұл-қыздарымызды тәрбиелеп отырған – ұстаздар», – деген Е.Тоғжанов ұстаздар қауымына сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.
Жиын барысында ұлттық-патриоттық тәрбие беру, педагогтардың біліктілігін арттыру және білім сапасының өзекті мәселелері талқыланды. Саладағы жетістіктерді де сөз етті.
Мәселен, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша облыста 26 балабақша мен 6 мектеп пайдалануға берілмек. Барлығы 4,4 млрд теңгеге 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қосымша білім берумен оқушылардың 78,5%, ал балабақшалар 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 100% қамтылған. 814 млн теңгеге 6 ауылдық колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Колледждерде білім алуға мемлекеттік тапсырыс көлемі 5350 орынға дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, өткен жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының құрама командасы ең үздік олимпиадалық команда атағын иемденді.
Облыс әкімі мектеп оқушыларының білім деңгейін арттырудың оң серпінін сақтау қажеттігін айта келе, Жаңа Қазақстанның қалыптасуындағы ұстаздың рөлі жоғары екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру идеясын жүзеге асыруда білім беру жүйесі ерекше орын алады. Облыста 300 мыңға жуық бала бар – бұл облыс халқының 30 пайызы. Бұл елдің болашағы. Жаңа Қазақстанның қалыптасуын балабақша қабырғасынан бастау керек. Мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі таңда ұстаздарға қойылып отырған міндет – жастарды құндылыққа бағдарлай отырып тәрбиелеу», – деді Е.Тоғжанов.
Жиында ерекше жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ұстаздар мен ардагерлер Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің марапаттарымен, облыс әкімінің және халықаралық ұйымдардың Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша «Ақтөбе облысының үздік мұғалімі» атағының иегері атанған 5 мұғалім 1,5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық иеленсе, үш мұғалім «Ақтөбе облысының құрметті мұғалімі» жүлдесіне және 900 мың теңгеден астам сыйақыға ие болды.
Барлығы 100-ден астам білім қайраткерлері әр түрлі марапаттармен наградталды.