Еркін ойдың үнпарағы – «Qazaqstan dauiri»

Еркін ойдың үнпарағы – «Qazaqstan dauiri»

«Ана тілі» газеті – қазақ журналистикасының ұлт рухын оятқан алғашқы қарлығаштарының бірі. Бұл басылымның тарихы елдің ең бір тағдырлы кезеңімен тікелей байланысты. 1989 жылы қабылданған «Мемлекеттік тіл туралы» заң қазақ қоғамында үлкен серпіліс туғызды. Сол заңның арқасында мемлекеттік тіл мәртебесін алып, қазақ тілін қорғау, дамыту мәселесі күн тәртібіне шықты. Сол тұста, филология ғылымдарының докторы, академик, профессор Әбдуали Қайдаров басшылығымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қоғам мүшелері өз идеяларын, тіл қозғалысы жаңалықтарын, пікірталастар мен ұсыныстарды халыққа жеткізетін арнайы басылымның қажет екенін түсінді. Осылайша, көп ұзамай «Ана тілі» газеті дүниеге келді. Газеттің бас редакторы болып Жарылғап Бейсенбайұлы қызмет атқарды. 

Екеуі де сол жылдары қоғамның рухани тынысын сезінген, тіл мен ұлттық сана мәселесін жанымен көтерген тұлғалар болды. Олар «Ана тілі» арқылы елге қазақ тілінің қадірін ұғындырды, өз тілі мен мәдениетін қорғаудың жолында күресті. Газет алғашқы күннен-ақ оқырман жүрегінен орын тапты: 1990 жылдардың басында оның таралымы жүз мыңнан асып, әр ауыл мен қаладағы қазақ отбасыларына жетіп отырды. Бұл сол кездегі қазақ оқырманының рухани сусаған шағында туған үлкен мәдени құбылыс болатын.

Қазір ақпараттың көбі интернетке ауысқан заманда қағаз газеттердің таралымы азайғаны рас. Бірақ «Ана тілі» сол баяғы миссиясынан айныған жоқ. Ол әлі күнге дейін ұлттық мүддені қорғап, тіл мен руханияттың шырағын сөндірмей келе жатқан басылым.

Бүгінде Ертай Айғалиұлы – «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол журналистика саласында ғана емес, әдебиет пен қоғам өмірінде де белсенді тұлға. Ертай ағай «Ана тілі» мен «Қазақстан ZAMAN» сияқты басылымдарда ұзақ жылдар еңбек етіп, жас журналистерге тәлім беріп келеді.

«Qazaqstan dauiri » газетінің тарихы да тәуелсіздік кезеңімен тығыз байланысты. 1992 жылы 17 қаңтарда алғаш рет «ZAMAN-Қазақстан» деген атпен жарық көрген басылым, сол кезде ел ішіндегі саяси, әлеуметтік, мәдени ахуалды шынайы көрсеткен алғашқы халықаралық қоғамдық-саяси және танымдық газет болды. 2000 жылы ол «Қазақстан-ZAMAN» деп өзгертіліп, кейін «Qazaqstan dauiri» деген атаумен жалғасын тапты. Атаудың өзгеруіне уақыттың талабы мен елдің жаңа рухы әсер еткен. Газет қоғамдағы өткір мәселелерді батыл көтеріп, бірнеше рет цензура мен қысымға да тап болған. Ертай Айғалиұлының айтуынша, кейде тіпті сот залында газетті қорғауға тура келген кездер де болыпты, бірақ соның бәріне қарамастан, редакция өз ұстанымынан айнымаған.

Ағымдағы жылдың 15 қазаны күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті, Медиакоммуникациялар мамандығының 4-курс студенттері Аманқос Мектеп-тегі ұстазымыздың жетекшілігімен «Qazaqstan dauiri» газетінің редакциясына арнайы барып, басылымның тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бізді Ертай ағай жылы жүзбен қарсы алды. Қайдан, не мақсатпен келгенімізді сұраған соң, әңгімені өзінің Аманқос Мектеп-тегі ағаймен таныстығынан бастады. Сол сәттен-ақ әңгіменің бағыты айқындалды – ол кісілердің «Ана тілі» газетін қалай құрғаны, сол кездегі ел ішіндегі қиындықтар мен қуанышты сәттер туралы шынайы естеліктері бізге ерекше әсер қалдырды.

Редакция қарапайым пәтерде орналасқан екен. Кіре бергенде – Ертай Айғалиұлының кішкентай ғана жұмыс бөлмесі, арғы жағында корректор мен дизайнер отыратын шағын кабинет. Ағай күліп: «Редакцияда журналистерге еркіндік берілген», – деді. Бұл сөз менің есімде ерекше сақталды. Шынымен де, журналиске еркіндік ауадай қажет. Шығармашыл адамды тордағы құстай тұсауда ұстасаң, оның ойы тұншығып, қаламы қурап қалады.

Редакцияның қарапайымдылығы бізді ойландырды. Бір жағынан – нағыз адал еңбек пен рухтың символы сияқты. Екінші жағынан – мемлекеттік қолдаудың аздығы, журналистер санының да шектеулілігі, ал кеңсенің шағын пәтерде орналасқаны жүрекке өзгеше сезім ұялатты. Бірақ осының бәрі олардың жұмыс сапасына әсер етіп отырған жоқ. Керісінше, бұл ортада рух, сенім және ұлтқа қызмет ету идеясы анық сезіледі.

Ертай ағайдың «Жалтақ болмаңдар!» деген соңғы сөзі – нағыз өмірлік ұстанымға айналарлық нақыл. Журналист ешкімге жалтақтамай, шындықты жазуы керек. Өйткені қоғамның сауатты, әділ және ояу болуы журналистиканың тазалығына байланысты.

Қазіргі кезде блогерлердің дәуірі жүріп тұрған заманда шынайы журналистиканың қадірі төмендеп бара жатқандай көрінеді. Бірақ біз көрген «Qazaqstan dauiri» ұжымы – нағыз кәсіби рухтың тірі мысалы. Олар қоғамға адал қызмет етіп, шындықты қорғап отыр. Ақпараттың тасқынында адаспау үшін сауаттылық керек. Ал сауаттылық оқу мәдениетінен басталады. Газет пен кітап оқу ойды ұштап, көзқарасты кеңейтеді. Сондықтан да халықтың ақпараттық мәдениетін арттыру, фактчекингті дамыту – біздің болашағымыздың кепілі.

Сол сапарда біз тек редакцияны аралап қана қоймай, үлкен өмір сабағын алдық. Ұлттық журналистика дегеніміз ұлтқа қызмет ету, халыққа шындық жеткізу екенін түсіндік. Редакциядан шыққанда бәріміздің ойымыз бір жерден шықты: қоғамдық сананы дұрыс бағытқа бұру – біздің қолымызда.

 

Махаббат БАШЕК,

 ҚазҰУ-дың

Журналистика факультетінің

4-курс студенті 

 

31.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19962
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19780
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34934
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33492
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37307