Қыдыралыұлы: Ел игілігі үшін төселген асфальт сапалы болуы керек
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жұмыс сапарымен «Ерназар-Қойгелді» бағытындағы автомобиль жолына төселіп жатқан жол жабындысының сапасын арнайы барып көрді. Екі жылға өтпелі нысанның өткен жылы 2 шақырымына асфальт төселсе, ағымдағы жылы 3 шақырымын аяқтау көзделуде. Жол жабындысын «Талас жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төсеуде.
Өңір басшысы асфальт жұмыстары сапалы әрі уақытылы жасалу керектігін ескертті.
– «Жол қадірін жүрген біледі». Бұл бағыттағы жолды Ерназар, Тоғызтарау ауылдары қоршап жатыр. Көптен күткен асфальтқа енді ғана қол жеткізгенімізде, мұның сапасыз болуы жарамайды. Оның үстіне Тараз-Жаңатас-Қаратау бағытындағы қоғамдық көлікте осы жолдың торабымен өтеді. Халықтың сөзіне қалғымыз келмейді. Елдің игілігі үшін қолға алынған тірліктер сапалы жасалуы қажет. Алдағы уақытта тағы қайырылатын боламыз, – деген Ерлан Қыдыралыұлы салалық орынбасары Нұрлан Несіпбековке егер қажеттілік туындаса жұмыстарды тоқтату қажеттігін және «Ұлттық сапа» орталығының мамандарын шақыртып, жол жабындысынан сараптама қорытындысын алдыру керектігін жеткізді.
Сондай-ақ аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев аталған жол жабындысына қоғамдық бақылау жүргезітінін алға тартты.