Жуырда Орал қаласында оқушы бозбала суға батып бара жатқан бір адамды құтқарып қалды. Осындай ерлік жасаған жасөспірімді қала әкімі Миржан Сатқанов қабылдап, алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапаттады.
Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһар басшысы бір адамды ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлаған мектеп оқушысы Данил Ягузовқа алғыс хатпен бірге ноутбук сыйлады. Сондай-ақ ержүрек ұлдың анасына ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын табыстады.
– Сенің бұл ісің – нағыз ерліктің үлгісі. Өз өміріңе қауіп төнуі мүмкін екенін білсең де, жанқиярлық батылдық таныттың. Ең бастысы, бәрі сәтті аяқталды. Ата-анаңа дұрыс тәрбие бергені үшін және бойыңа асыл қасиеттер дарытқаны үшін алғысымды білдіремін. Бұдан былай да мейірімділікке және қамқорлық жасауға ұмтыла бергейсің. Болашағың жарқын болсын! – деді Миржан Мұнайдарұлы.
Сонымен қатар есімі ел аузында жүрген Данил Ягузов оқитын №20 ЖОББ мектебінің директоры мен жасөспірімнің арқасында тілсіз жаудан аман қалған азаматтың зайыбы да олардың үйлеріне барып, батыл ұл мен ата-анасына алғыстарын жеткізді.
Еске сала кетсек, бұл оқиға Шаған өзенінде орын алған. Сол күні Данил достарымен бірге суға шомылуға барған екен. Достарының бірі суда күдікті көрініс байқағанын, қимыл-қозғалыссыз ер адам күмән тудырғанын айтыпты. Сол мезетте Данил айтылған жерге жүзіп барып, әлгі адамды арқасына салып, бірден жағаға жеткізген. Содан соң «Жедел жәрдем» көлігі келгенше, достарымен бірге алғашқы көмек көрсеткен. Сөйтіп, 45 жастағы бір үйдің отағасының өмірін құтқарып, балаларының әкесіз қалмауына септігін тигізген.