Есірткіге қарсы күрес күшейді

Есірткіге қарсы күрес күшейді

Есірткінің заңсыз айналымы бүгінгі қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі болып отыр. Бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана қатысты емес, ол – ұлт денсаулығы, қоғамдық қауіпсіздік, жастардың тәрбиесі мен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан соңғы жылдары елімізде есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз айналымның жолын кесу және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше мән берілуде.

 

Әрине, бұл мезеттік жұмыс емес. Бұл күнтәртібінен түспейтін маңызға ие болғандықтан да жазғы демалыс кезеңінде оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды зиянды әдеттерден қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар тоқтаған жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шілде айының алғашқы онкүндігінде жоғары сынып оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттері арасында 145 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 6 мыңнан астам жас қатысқан. Кездесулер барысында жастарға есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, психологиялық және әлеуметтік салдары, сондай-ақ оны сақтағаны, тасымалдағаны немесе өткізгені үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, нашақорлықпен күрестегі ең тиімді жолдың бірі – оның алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

 

Заңсыз айналымнан жүздеген келі есірткі тәркіленді

Дегенмен, құқық қорғау органдары есірткі арналарына қарсы күресті күшейтіп келеді. Министрлік мәліметіне сәйкес, шілде айының алғашқы онкүндігінде еліміз бойынша заңсыз айналымнан 760 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 121 келіден астамы синтетикалық есірткі болса, тағы 266 келі прекурсор алынды. Прекурсорлар – синтетикалық есірткі өндіруде қолданылатын химиялық заттар болғандықтан, олардың заңсыз айналымын тоқтату да есірткі өндірісінің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы кезеңде есірткіге қатысты 187 құқық бұзушылық анықталды. Оның 101-і қылмыс болса, 86-сы қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелген. Сонымен қатар есірткіні өткізудің 46 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 4 дерегі, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 40 фактісі және есірткі контрабандасының 4 жағдайы анықталған.

Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының жедел жұмысы күшейгенін аңғартқанымен, есірткі бизнесінің қоғам үшін әлі де үлкен қауіп болып отырғанын көрсетсе керек.

 

Астанадағы ахуал қандай?

Ал, Елордада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өткенде ғана 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның жеке басын және жалға алған пәтерін тінту кезінде жалпы салмағы 245 грамм болатын α-PVP синтетикалық есірткісі салынған 227 орама тәркіленді. Тергеу мәліметінше, күдікті есірткіні елорда аумағында өткізуді жоспарлаған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары синтетикалық есірткі түрлерінің таралуы айтарлықтай көбейген. Олар аз мөлшерінің өзі адам өмірі мен денсаулығына ауыр зардап келтіруімен ерекшеленеді.

«Өткен жылы елордада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 1100-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 450-ден астам қылмыстық іс есірткі заттарын өткізу фактісі бойынша тіркелді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 465 келі есірткі тәркіленді. Оның 45 келісі – синтетикалық есірткі», – дейді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

 

Мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Елімізде нашақорлық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленді. Жоспардың басты ерекшелігі – ведомствоаралық үйлестіруді күшейту. Яғни құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, білім беру, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар бірлесіп жұмыс істейді. Жаңа құжат тек қылмысты анықтауға емес, оның алдын алуға басымдық береді.

– Кешенді жоспар нашақорлықтың ерте профилактикасын күшейтуге, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелеуге және қоғамда есірткіге мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, – дейді Әлия Қибатқызы.

 

«Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында

Жалпыұлттық жоспар негізінде елордада «Астана – есірткісіз қала» атты арнайы қалалық іс-шаралар жоспары дайындалды. Ол мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, профилактикалық және жедел жұмыстарды бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда есірткі саудасының басым бөлігі интернет пен мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Сондықтан жаңа кешенді жоспарда цифрлық кеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылған. Бұл бағытта интернет-ресурстарды тұрақты мониторингтеу, заңсыз контентті анықтау, есірткі жарнамасын тарататын платформаларды бұғаттау, сондай-ақ цифрлық талдау құралдарын пайдалану көзделген. Мамандардың пікірінше, есірткі бизнесінің цифрлық форматқа көшуі құқық қорғау органдарынан жаңа тәсілдер мен заманауи технологияларды қолдануды талап етеді.

Сондай-ақ сала мамандары есірткіге қарсы күрестің нәтижелі болуы тек құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты емес. Бұл бағытта ата-аналардың, педагогтердің, қоғамдық ұйымдардың және жалпы қоғамның белсенді ұстанымы аса маңызды екенін айтады.

Олардың айтуынша, жастарды спортқа, шығармашылыққа және еріктілік қозғалыстарына тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық мәдениетін арттыру – нашақорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның үстіне 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылу деңгейін төмендетуге, қоғамда есірткіге деген төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және елордадағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға да ықпал ете бермек.

 

Елқуат ЕЛТӨРЕ

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26526
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25955
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43349
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39146
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43753