Еуразия тарихында бір жарым мың жыл үзілістен соң алғашқы демократиялық мемлекетті қазақтар құрды, ол барлығы үш ғасыр өмір сүрген еді ( ХV-ХVІІІ ғғ.).
Адамзат тарихында ерекше орын алатын Қазақ мемлекеті, оның басқару жүйесі, билер институты, ел басқару жүйесіндегі ерекшеліктері және жеке тарихи тұлғалар, яғни батыр қолбасшылар есімдері біздің тарихымызда алтын әріппен жазылып қалды...
Жаңа заманның шамшырағы еді...
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы жағдайын І.Есенберлин «Көкпарға тартылған лақтай...» деп, ал ХVІ ғасырдағы жағдайын «Тасы өрге домалаған мемлекет» деп суреттеп еді...
Қазақ мемлекеті тарихы Ресей ғалымдары нұсқауымен жазылып келді. Тіпті мемлекеттің атының өзі бұрмаланып Қазақ хандығы деп аталды. Сол атаумен қарағанда, Қазақ мемлекетінің Орта Азия хандықтарынан айырмашылығы жоқ болып көрінеді. Шындығында, осы уақытқа дейін Қазақ елінің тарихы қанша көп жазылса да, шешілмей жатқан проблемалары көп болып тұр. Қазақ мемлекеті әлі күнге дейін Қазақ хандығы деп аталғандықтан, Орта Азиядағы басқа хандықтардан айырмашылығы болмай қалады. Сондай-ақ адамзат тарихындағы ерекше мемлекет болғаны көрінбей қалады. Жалпы айтқанда, осынау керемет мемлекет дүние жүзі тарихы түгілі, өз халқы арасында өз орны мен бағасын әлі күнге дейін алған жоқ....
1456 жылдан есептесек, 2025 жылы Қазақ мемлекетіне 569 жыл, ал 2026 жылы 570 жыл толады. Ал, 1465 жылдан бастап санасақ, 2025 жылы 560 жылдық ұлы тойды салтанатпен өткізуге міндеттіміз... Қазақ мемлекеті, яғни Қазақ хандығы Орта ғасыр бітіп, Жаңа заман басталғанда пайда болған ерекше мемлекет болатын. Бір сөйлеммен айтқанда, Жаңа заманның інжу маржаны, басқаша айтқанда, шамшырағы [1] еді... (С.Утениязов. Жемчужина Нового времени. Веч.Алматы, 18 июль 2019). Астанасы Түркстан қаласы болған Қазақ мемлекеті соңғы екі мың жыл ішіндегі ең демократиялы мемлекет еді.
Қазақ елі адамзат тарихында ерекше орын алатын өзгеше халық. Басқа мұсылмандарға және бүкіл түркі халықтарына ұқсамайтын қазақтың көптеген әдет-ғұрыптарымен қатар біртұтас тілі бар. Қазақ тілінде басқа халықтар секілді диалекті жоқ. Әдет ғұрпы бірдей. Мысалы өз руынан қыз алмайтын болған соң құдалық салты бар. Тілі бірдей, тұрмыс салты бірдей. Томск мен Еділге дейінгі ұлан-ғайыр территорияда осы айтылған біркелкі салты мен тілінің бірдей болуы дүние жүзі ғалымдарын таңғалдырады. Мысал үшін айтсақ, алақандай жерде тұрса да, көрші өзбек пен түркмен халықтарының тілдерінде диалекті бар, әдет-ғұрыптары әртүрлі. Қыздары өз ауылынан ешқайда шықпайды... Ал, қазақтар Маңғыстауда жүрсе де Павлодармен, әлде Тарбағатаймен құда болып жатады. Қысқасын айтқанда, басқа ешқандай түркі, әлде жалпы мұсылман халықтарына ұқсамайтын өзінің алтын заңдары бар ерекше халық – қазақ.
Құдаларын құдайындай сыйлаған,
Жақсы көрсе құда бол деп қинаған... (Қ. Мырзалиев).
Қазақтар өз ауылы ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарымен қыз алысып, қыз беріседі. Осындай асыл қасиеттерінің арқасында қазақтың бірлігі ешқашан ажырамайды. Ресей империясы, одан беріде Кеңес тұсында қазаққа көп қиянат жасалды. Қазақты жүзге бөліп те, руға бөліп те, бір-біріне соңғы ғасырларда айдап салып, неше түрлі қиянаттар жасалып келе жатыр. Қазақты қанша мұқатса да құрта алмағаны белгілі. Осындай жетістіктер мен ерекшеліктерінің барлығы кешегі 300 жыл өмір сүрген, астанасы Түркстан болған, бір орталыққа бағынған айбынды Қазақ мемлекетінің біртұтастығы арқасында пайда болған еді. Сол Қазақ хандығының тарихын кез келген адам ойына келгенін жазып бұрмалай бергені, халқымыздың және қазіргі Егеменді Қазақстанның жетістігі мен жеңісіне нұқсан келтіреді.
Қазақ елінің тағы бір ерекшелігі – ертедегі Ғұндардың (хун) барлық әдет-ғұрпы мен тұрмыс салтын біздің заманымызға түгелдей жеткізгендігі. Мысалы: Киіз үй (Қар үй), бесік және баланы бесікке бөлеу салты, Құмалақ ашу әлде жору өнері, тағамдары ...[2,С.Өтениязов. Аттила. Арыс, 2000. c. 33-45]
Қазақ тілі қандай бай болса, әдебиеті де соншалықты бай екенін мақтанышпен айтамыз. Оған мысал – қазақ ауыз әдебиетінің көлемі 100 том болып баспадан шыққаны.... Осы күндері қазақ ақындарының 100 томдығын шығару жоспарланып жатыр... Осы аталған жетістіктеріміз бен ерекшеліктеріміз кешегі 300 жыл өмір сүрген Қазақ мемлекетінің жетістігі, яғни сол кезде қалыптасты... Сол бір орталыққа бағынған айбынды Қазақ мемлекетінің арқасында тіліміз бен әдет-ғұрпымыз біркелкі болып қалыптасты. Бұл не деген күшті мемлекет болған?! Оның күштілігі мен құдіреттілігі, әрине, басқаруына байланысты болды. Барлық жетістігімізді жіпке тізіп қарайтын болсақ, түгелдей 3 ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекетіне борышты екенімізді көреміз.
Қазақ мемлекетінің қандай ерекшеліктері болды, соған қысқаша тоқталайық. Ең алдымен айтатынымыз – Қазақ хандығы ең демократиялы мемлекет болды, яғни әділдік орнаған мемлекет болды. Себебі Хан билігі шектеулі болды. Ханның өзі сайланбалы болды. Қазақта қырық ру болса, әр рудың басшысы, яғни рубасы басқарды. Ол, әрине, белгілі би болды. Хан рубасылардың келісімінсіз ештеңе шеше алмайтын еді. Қорыта айтқанда, хан түгелдей рубасыларына тәуелді болды.
1. Басқару мәселесімен.
2. Әскери мәселемен, себебі ханда әскер болған жоқ. Әскерді рубасылар берді.
3. Экономикалық жағынан ханға алым-салықты да рубасылар берді. Демек Қазақ мемлекетінің ханы түгелдей билер институтына тәуелді болды.
Міне, осындай Еуразия тарихында Ертедегі Грекия мен Республикалық Римнен соң он бес ғасыр өткен соң алғаш рет демократиялық мемлекет құрған біздің бабаларымыз еді. Енді осы мемлекетті нығайтуға көп еңбек сіңірген Ақпан батыр тарихына тоқталайық.
Адай руынан шыққан хас батыр
Ақпан батыр Келімбердіұлы (1531-1605) – Байұлы тайпасы Адай руынан шыққан айтулы батыр, құралайды көзге атқан мерген, қыран топшылы аңшы, көңілі шалқар, жүрегі қобалжып тайсалмас, өзгелерден секем алу, сезіктену білмес, ешкімнен тепкі көрмей өскен жан.
Жалпы Ақпан батыр туралы жазба дерек жоқтың қасы, алайда ел аузында оның ерліктерін баяндайтын неше түрлі аңыздар бар... Әрине, солардың ішінде алдымен мысалға алатынымыз – Қашаған жырлары.
Адай Ақпан батыр – тарихи таңбасы, нақты дәлелі бар тұлға. Бұл туралы есімі елге мәшһүр әйгілі ақын Қашаған Күржіманұлы өзінің »Атамекен» атты жыр-дастанында:
Ақпан деген қарт батыр,
Ел басына қос атты,
Жетелетіп жүргізді,
Жауға мінер бос атты...
Бес жүз әскер – ауыр қол,
Бастығы – Ақпан батыр сол,
Көпті көрген көнеге,
Қараңғы тұман ол жүрсе,
Табылады екен сара жол.
– деп, Ақпан батырдың ел қорғаудағы ерен ерлігі мен еңбегін асыра мадақтап жырға қосқан еді.
Ыбырай-ахун Құлбайұлы да өз жырында былайша:
Сөз айтайын Ақпаннан,
Сырдағы құба ақ талдан,
Ақпан деген ауылым
Аумайтын басқа бақ қонған.
Қарсыласы Ақпанның
Табанға түсіп тапталған,
Неше түрлі халыққа
Ерлігі артық мақталған,
Ғұмыры тамам болғанша
Жері жоқ жаудан тоқталған.
Бірі даңқты жырау, екіншісі ғұлама ахун осындай деп Ақпан батыр туралы дерек қалдырған.
Қашаған ақынның толғауларындағы Ақпан батыр туралы бір деректі алғаш рет жазған Ілияс Есенберлин:
«Хорезмнің бектері,
Шашырап бізге, шеткері,
Қазақ деген қашқын келді деп,
Тілекті Алла берді деп,
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып», – деген Хорезм хандығымен де Ақпан секілді ер ұлын бас етіп күрескен бұл адай [3, Маңғыстау майданы.. 1978. А. 78-бет] – деп алғаш Ақпан батыр туралы жазған еді....
Әйгілі Ақпан батыр Қазақ мемлекетінің аса күшті кезінде – Хақназар, Шығай, Тәуекел, еңсегей бойлы ер Есім хандар билеген дәуірде, 1531-1605 жылдары өмір сүріп, мемлекетті нығайтуға атсалысып, жорықпен, жортуылмен аттан түспеген, жерін, елін ерлікпен қорғаған батыр.
Ақпан батырдың көп жорықтары мен ерліктері Хақназар ханның заманында болса, оның Есім хан тұсындағы өмірбаянын Әнес Сарай ағамыз: «Адай Ақпан батыр Есімханның жауынгер серіктерінің бірі еді. Ол Хорезмнің ойында отырған адайлар мен алшындарды көшіріп келуге өзі сұранды. Шежіреде 1600 жылдары Ақпанның 500 жасақпен Хорезмге шабуыл жасағаны, сосын алшындарды Жем, Сағыз, Қобда, Елек бойларына көшіргені айтылады» деп Шежіреге шолу жасаған… Одан ары Шежіренің тарих шындығына дәл келмейтін жерін: «Мұндағы алшындарды Жем, Сағыз, Қобда, Елек бойына көшірді» дегенінен басқасы дұрыс», – деп түйіндеген… (Ә.Сарай, Адай тарихы, 256-бет)
Ақпан батырдың ұрпақтары
Ақпан батыр және оның ұрпақтарымен байланысты жер-су атаулары Батыс Қазақстан жерінде көптеп кездеседі.
Ғалым Серікбол Қондыбай өзінің еңбектерінде Маңғыстауда Ақпан есімімен аталатын бірнеше жер, құдық аттарын атап көрсеткен. «Сеңгір құмының (Қарақия ауданы) оңтүстік-шығысында Ақпан сор, Жабайұшқан тауының оңтүстік ернеуінде Ақпан тауы бар. Тау ішінде көрік ұстап, кеуекті ұстахана қылып пайдаланған Ақпан үңгірі, одан 3 шақырым жерде Ақпансордың жағасында Ақпан құдығы бар.
Ақпан – тау Сеңгірқұмның (Қарақия ауданы) оңтүстік-шығысында, биіктігі – 224 м. Ақпан сорынан оңтүстік-шығыста 4 км жерде, Сенектен солтүстік-шығыста 47 км, Қызылсу аулынан шығыс-солтүстік-шығыста 37 км жерде. Жабайұшқан қырының оңтүстiк ернегiнде.
«Ақпан үйігі» – Бейнеу ауданының Сам құмы, Шағырлы бетінде, Тұрыш ауылының солтүстік жағында 45 км жерде «Ақпанның үйігі» деп аталатын тарихи қорым бар. Бейнеуден Шағырлы жолымен 60 км, күншығысқа 14 км, барлығы 74 км. Бұл жөнінде Маңғыстауға белгілі шежіреші қария Естерек Жаманбаев 1993 жылы «Жаңа өмір» газетінде: «...Доңызтау жағында Ақпанның үйігі деген қорым бар. Ол – Келінбердінің Ақпаны үйген үйік», – делінген. (Е.Жаманбаев, «Жаңа өмір», 10.03.1997 ж.)
Бірінші Адай болысының құрамындағы Ақпан ауылы жазда Жем өзенінің екі жағын жағалап, Оймауыт, Сам құмын, қыста Бостан құмы мен Сахар тауы етегінде, Шерқала тауына дейін келеді.
Қазіргі Ақтөбе облысы Хромтау ауданының оңтүстік шығысындағы Қопа елді мекенінен 45-50 шақырым жерде Ақпансай, Ақпантөбе деген жер-су атаулары күні бүгінге дейін ешкандай өзгеріссіз, байырғы атаулары сақталып қалған жерлер.
Белгілі этнограф Серікбол Қондыбай өзінің еңбектерінде Маңғыстауда Ақпан есімімен аталатын бірнеше жер, құдық аттарын атап көрсеткен. «Сеңгір құмының (Қарақия ауданы) оңтүстік-шығысында Ақпан сор, Жабайұшқан тауының оңтүстік ернеуінде Ақпан тауы бар. Тау ішінде көрік ұстап, кеуекті ұстахана қылып пайдаланған Ақпан үңгірі, одан үш шақырым жерде Ақпансордың жағасында Ақпан құдығы бар. Бұл жерлер Адайдың немересі Ақпан есімімен аталған» деп тайға таңба басқандай анық жазды белгілі фольлоршы және өлкетанушы ғалым (С.Қондыбай. Толық шығармалар жинағы, 13-том, 33-бет).
«Ақпан үйігі – жер аты. Үстіртте, Сам құмының Шағырлы бетіндегі төбе. Аңыз оны Адайдың немересі Ақпандікі дейді» (С.Қондыбай, «Маңғыстаудың жер-су атаулары», 28-бет)
Соңғы жылдары даңқты батыр бабаларымызды кеш те болса ұлықтап жатырмыз. Мысалы, үстіміздегі жылдың аса мерекелі болғаны соншалық, Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Аттила бабамыздың 1625 жылдығы, Әбілхайыр ханның 340 жылдығы, Шоқан Уәихановтың 190 жылдығы және Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған ғылыми конференциялармен басталды. Осы мерейтойлардың ішінде қазақтың тұңғыш демократы Шоқанға арналған іс-шаралар әлі күнге дейін жалғасып келеді… Осы игілікті іс-шаралардың қатарында Қазақ мемлекетінің 560 жылдығына арналған ғылыми конференцияның орын алуы нұр үстіне нұр болды.
Биылғы жылы осындай игілікті істің бірі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Ақпан батырдың қазақ тарихындағы орны» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді (15-17 қазан). Қазақ мемлекетін нығайтуға көп атсалысқан батыр бабамыздың ерен ерліктері осы конференцияда жан-жақты жіктеліп баяндалады.
Қазақ тарихына өз есімін алтын әріппен жазып кеткен батыр бабамыздың әрбір ерлігі мен игілікті істері халқымыздың жадында мәңгі сақталуы керек. Осыған көптеген іс-шараларды іске асыруға Қазақстан билігі басшылық жасаса жақсы болар еді. Мысалы батырдың есімін ұлықтап, көше мен елді мекендерге атын берсе, сондай-ақ мекемелер мен ұйымдарға және оқу орындарына Ақпан батыр есімін беріп ұлықтау бүгінгі күннің аса көкейкесті мәселелерінің бірі демекпіз…