Ғұмыры көркем Ғалым

Ғұмыры көркем Ғалым

Ел мұратын өмірінің темірқазығы еткен арда ұлдың алдағы ұзақ сапарына қадам басқаны күні кеше сияқты. Барлығы алғашқы қадамнан басталады демекші, алдағы ақ қанат армандарына жетелеген сәулелі сәттері мен  мазасыз  күй  кешкен  албырт шақтар айдай жарқыраған үлкен жолға бастаған еді. Жұртының ертеңгі еңселі ұланы болып, ел қажетіне жарап, үлкен істердің бел ортасында төбе көрсетуді көксеп, бауырын жазып, тер төгіп келе жатқаны ақиқат. Осынау мақсат жолындағы тынымсыз тірлігінен қанағат табатындар, алпыстың асуынан асқанша ат үстінен түспеген, қаламын қару етіп, жазарымен адамдардың жансарайын жылытып, рухани азық сыйлап жүрген, көз алдымызда шиыршық атып өскен жұқалаң жампоз жігіттің бұл жарық дүниедегі дөңгеленген өміріне қызығып та, тамсанып та қарайтындар қатары аз емес. Күнделікті өмірде қасымызда иық тірестіріп, үзеңгі қағыстырып, сырға толы әңгіме-дүкен құратын, кейде көркем ғұмырына мән бермей, кейде көңіл бөлмей елеусіздеу қалатын кездеріміз болатынын несіне жасырайын? Бүгін сол азамат жайында жақсы сөз айтудың реті келіп тұрғандай.

Ғалым Қасабай әуел баста еңбек жолын шопан таяғын ұстаумен бастады. Қордайдың иен даласында бозторғайдың шырылын естіп, оның әуенімен жүрегі шымырлап, алыс армандарына талпынып, қиялымен тым биіктерге самғайтын. Дала төсінде дара күй кешіп, еңбектің тәтті дәмінен қайрат-жігер алатын бозбаланы қаламға деген құдіретті күш тартатын да тұратын. Ақ қағаз бетін шимайлаған сәттерін еш ұмыта алмайтын шығар. Қағаз бетіне түскен сөздерден жаны рахаттанып, көңіл көкжиегі кеңейіп сала беретін. Қаламмен достасқан жылдар оны қаламгерлік жолға алып келді.

Қазақ мемлекеттік университетінің даярлық курсына түсіп, келесі жылы журналистика факультетінің бірінші курсына қабылданды. Осы білім ордасында сан қырынан танылды. Студент жастарға бас ие болып, жөн-жоба көрсетіп, оқытушыларға көмек көрсете білу қабілетімен көрініп, жатақханадағы тәртіпті қадағалап, комсомолдың жедел жасағына жетекшілік етті. Оқумен қатар қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан бой көрсетіп қана қоймай, басқару қызметінің қыр-сырына қанығып, ілкімді істердің де ұйытқысы болып жүрді.

Азабы мен мехнаты жетіп артылатын журналистік қызметтің артқан жүгін қиналмай көтеру жас маманға үлкен сын болмақ. Ғалым осы сынақты бастан өткерді. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде басталған жол биік белестерге жетеледі. Шуақты жылдары осында өтті. Қаламын қайраған, шабытын шыңдаған басылым болды. Көркем ойдың тиегін ағытып, тұщымды дүниелерін жарыққа шығарды.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Жамбыл гидромелиорация – құрылыс институтының басшылығы «Гидротехник» газетінің бас редакторлығына Ғалымды таңдады. Жастарға етене жақын жас  жігіт бұл қызметті де ұршықша иіріп әкетті. Бұл басылымда қаламгерлік қабілеті барынша көрінді.

1994 жылдың наурыз айында республикалық аймақтық-мемлекеттік «SALYQ TARTIBI» газетінің басшылығына бекітіледі. Бұл газет Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тарайды.  Басылым әр облыстан меншікті тілші ұстайтын іргелі ұжымға айналғаны бүгінгі күн шындығы. Түрлі саланы қамтып жазудың арқасында газет таралымы 15 мыңға жетіп отыр. Салық саласын кеңінен насихаттау және елге түсіндіру ісімен 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етіп келеді.

Ғалым Қасабайдың редакторлық таланты Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде жарқырай көрінді. Осы басылымды басқарған жылдары тың бастамалар мен оң өзгерістер дүниеге келді. Шығармашылық ұжымның әлеуеті әлсіреген кез болатын. Компьютерлер ескіріп тозығы жеткендіктен істен жиі шығатын. Басқа құрал-жабдықтарды жақсарту қажеттігі де туындап тұрған. Журналистер жалақысы жылдар бойы көтерілмей келген. Қаламақы мен сыйақыны жолға қою мәселесі де күн тәртібінде тұратын. Жаңа басшы сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың алдына мәселе қойып, өз деңгейінде шеше білді. Ұжым мүшелерін пәтермен қамтамасыз ету мәселесіне де мықтап ден қойды. Редакция бюджеті үш есе ұлғайған соң, журналистердің іссапарларға шығуы жиіледі. Осылайша редакция қызметкерлерінің жағдайы жақсарып, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Ғалым газетті ұзақ жыл басқарған Баттал ағасы секілді батыл іс-әрекетімен танылып, оқырманға апарар жолға жарық сәулесін түсірді. Тәуір дүниелерін талғампаз жұртына жалықпай ұсынды. Газет тиражын 22 мыңға жеткізді. Редакция шабытты еңбектің ордасына айналды. Оның бас редакторы басылымға бақ сыйлаған басшы атанды. 

Осындай іскер басшының жүрер жолы тағы да «SALYQ TARTIBI» газетінде жалғасты. Оны басқарған Ғалымның армандары асқақ. Газет бүгінде аймақтың айнасына айналып, ойлы оқырманның қажеттіне жарап отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Бас редакторлық қызметінің жалғас тапқанына міне 30 жылдай уақыт болыпты.

Ол өсетін елдің ұлдары істеуі тиіс игілікті шаруаның тұтқасын ұстап, нық адымдап келеді. Қазақтың бір баласы істеуі парыз саналған сөз өнерін өрге сүйреп, оған қылаудай кір жуытпай келеді. Халқына сөзімен шапағатын тигізіп, өрелі істің биігінен көрініп жүрген азамат. Оның бір қасиеті ешкімді бөліп-жармайтындығында. Өйткені туып-өскен ауылы солай тәрбиеледі. Ауылдағы дана қариялардың өсиетін тыңдап қанаттанды. Кенен атасының өршіл шығармалары рухани күш беріп, биіктерге самғатты. Бабасы Қасабай қарияның ел-жұртына тигізген шапағатынан алған тәлімі тіптен орасан. Ғалым көрген-түйгендерін «Аманатқа адалдық» атты кітабында әдемі кестелеп, әдемі жеткізді.

«Үмбетімнің алдыңғылары  көп намаз оқып, ораза ұстағаны үшін емес, жүректерінің тазалығы, жомарттығы және барша мұсылмандарға мейірімділігі үшін пейішке кіреді», – делінеді Пайғамбарымыздың хадистерінде. Ғалымды Пайғамбар үмбеттерінің алдыңғылары десем, артық айтқандық болмас еді. Ол шын мәнінде сондай адам. Жүрегінің тазалығымен, жомарттығымен және мейірімділігімен ел ықыласына, ел құрметіне бөленген азамат. Оны ізгі қасиеттерімен, өнегелі еңбегімен дәлелдеп келеді. Зейнетке шығып, үйлерінде қол қусырып қалған қаламгер ағаларына көрсеткен қамқорлығы өз алдына. Ешкімді бөліп-жармай сол ағаларын жұмысқа шақырып, қызмет беріп, көңілдеріне көктем, жандарына шуақ сыйлаған ғажап қасиетін қалай айтпасқа.

Мекендердің төресі – Мекке қаласы, сапарлардың төресі – қажылық сапары, кітаптардың төресі – Құран кәрім, сүрелердің төресі – «Фатиха» сүресі, батырлардың төресі – Бауыржан ата, журналистердің төресі Баттал аға Жаңабайұлы болса, қаламгер інілердің төресі мен үшін Ғалым інім деп айтар едім. Ол соған тұратын, осы атаққа лайық адам.

Ғалымның ғұмыры көркем, жүрген жолы ажарлы. Қолына ұстаған қаламына шаң жуытпайды. Айналасына ақ пейілді адал жандар топтасқан. Жақсылармен өмір жалғасып, дүние дөңгелей бермек.

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 52
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 579
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 693
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 608
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 617

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367