Ғылым саласындағы реформалар – ел дамуының негізі

Ғылым саласындағы реформалар – ел дамуының негізі

Әлемнің кез келген елінде саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, жалпы алғанда халықтың жайлы өмір сүруі үшін жасалады. Біздің елімізде де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған реформалар халық игілігіне бағытталған. Президент Жолдаулары, елдегі саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Әсіресе, соңғы екі жылдағы Қазақстанның саяси өмірінде болып жатқан серпінді өзгерістер халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.

Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданған Конституцияға енгізілген бірқатар өзгертулер – мемлекетіміздің саяси аренадағы айтулы оқиғаларының бірі болды. Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшуі соның айқын көрінісі.

Қазіргі таңда әділетті қоғам құру және заң алдында барлығының теңдігі қағидаттарын қамтамасыз ету мәселесі кезек күттірмейтін мәселе екендігі айдан анық. Елімізде жылдар бойы жинақталып, қордаланған мәселелерді шешу үшін барлық салаларда жаңа реформаларға қадам жасалынуда.

Бұл реформалар, менің ойымша, бірінші кезекте білім, ғылым саласындағы оң өзгерістерден бастау алу керек. Кез келген жаңашылдықты қабылдау үшін алдымен адамның санасында өзгеріс болса нәтижесін бермек. Санамен қабылданып, қажеттілігін ұғынбайынша ешқандай реформалар нәтиже бермейді. Саналы қоғам білімді, білікті азаматтардан тұрады.

Елімізде көп реформалар жасалған сала дәл осы білім беру саласы екендігі барлығымызға мәлім. Бір реформаның үдесінен шықпай жатып, екіншісін қабылдаған тұстар да жеткілікті. Ол жөнінде Сенат төрағалығы қызметінде отырған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы да: «Білім беру жүйесі реформалардың шырмауынан шыға алар емес, сондықтан саладағы эксперименттерді тоқтату керек. Реформалар қажет, бірақ олар мұқият ойластырылып жасалуы тиіс, әйтпесе тек зиянын тигізуі мүмкін», деген болатын.

Қазіргі таңда жоғарыда айтылған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында осы салада бірқатар дәйекті реформалар жүргізілуде. Бірінші кезекте Білім және ғылым министрлігінің Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлігі болып бөлінуін айтып кетсек болады. Ғылымды дамыту және ел экономикасы мен әлеуметтік өмірінің маңызды мәселелерін шешуге ғалымдарды тарту – қазіргі Қазақстанның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында. Көп жылдар бойы ғылым саласында белгілі бір ғылыми мектептерді дамытудағы жеке жетістіктермен қатар, өкінішке қарай, қаржыландырудың аздығы, инфрақұрылымның ескіруі, ғылымның өндіріс қажеттіліктерінен оқшаулануы сияқты жүйелі проблемалар қордаланып келді.

Интеллектуалдық ғылыми жұмыс саласында күмәнді еңбек қарым-қатынастар белгілері – тұрақсыздық, белгісіздік, кепілдіктердің жоқтығы, ғалымдардың жағдайлары мен еңбекақысына қанағаттанбаушылық белең алған еді. Бұл өз кезегінде елдегі ғалымдар санының айтарлықтай азайып, ғылыми кадрлардың қартаюына әкелген болатын. Бүгінде ғылым саласында мемлекет жүргізіп отырған саясат белсенді түрде қайта құрылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қазақстандық ғалымдардың мәртебесін және осы мамандықтың тартымдылығын арттыру, оның ішінде отандық ғылыми қызметкерлердің жалақысын арттыру, жас ғалымдарға гранттық қолдау көрсету бойынша іс-шаралар атқарылуда.

Жетекші ғалымдардың еңбекақысы заңнамалық тұрғыдан қарастырылып, іргелі зерттеулер жүргізетін ғылыми институттарды қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді. Еліміздің ғылыми мектептері гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың алуан түрлеріне, оның ішінде жас ғалымдарға бөлек бөлінген жыл сайынғы көптеген байқаулардың арқасында үлкен қолдауға ие болуда.

Ғалымдардың құзыреттілігін дамытуға және олардың бәсекеге қабілеттілігін дамытып, әлемдік ғылыми орталықтарда ғылыми біліктілігін арттыруға арналған 500 грант бағдарламасының бөлінуі елеулі серпін беріп отыр. Елімізде Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру және Президент жанында Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы осы саладағы маңызды іргелі қадамдардың жасалып жатқандығының көрінісі.

Бұл жоғары консультативтік-кеңесші органның негізгі міндеті – еліміздегі ұлттық ғылыми-техникалық саясатты дамытудың негізгі басымдықтары мен тетіктерін айқындау және Мемлекет басшысы мен ғылыми қоғамдастық арасындағы тікелей байланыс арнасын қалыптастыру. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылымның дамуы көбінесе оның экономиканың нақты секторымен байланысымен анықталады. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының мәліметтері бойынша, дамыған елдерде ғылымның 70-75 пайызы өнеркәсіп салалары арқылы қаржыландырылады, ал экономикада қаражат жеткілікті болса, мемлекеттік бюджет тарапынан ақша шығындалмайды.

Бүгінде Қазақстанда ғылым мен технологиялық даму саласына инвестиция тарту үшін заңнамалық база құрылуда. «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» Заңның қабылдануы күтілуде, ол ғылым мен техниканың ғылымға жеке инвестицияларды, ең алдымен, салықтық жеңілдіктер арқылы экономикалық ынталандыруға негізделген жаңа ашық моделінің негіздерін бекітеді.

Сондай-ақ, ғылым, өндіріс және бизнестің өзара іс-қимылы мемлекет тарапынан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) дамытуға және коммерцияландыруға гранттар арқылы ынталандырылатын болады. Бұл ғылымды өндіріс қажеттіліктеріне жақындатуға, бизнесті ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға қызықтыруға, интеллектуалдық қызмет нәтижелерін нарыққа жылдам енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің даму саясаты білімнің, ғылымның және технологияның еліміздің алдында тұрған үлкен міндеттерге жауап беру құралына айналуына көмектесуі керек. Бұл, ең алдымен ғылыми-зерттеу қызметінің ашықтығына, әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен жас дарынды зерттеушілерді тартуға ықпал ететін бәсекелестік ортаны құруға, цифрлық дәуірдің заманауи талаптарына жауап беретін ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қатысты.

Қазіргі уақытта Қазақстан ғылымының алдына оны елдің, қоғамның, экономиканың дамуының практикалық міндеттерін шешуге, сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көбірек тарту қажеттілігіне байланысты ауқымды міндеттер қойылуда. Осы міндеттердің, сондай-ақ ғылымды дамытудың нақты мақсаттарының және тиісті процестердің тиімділігін бағалау көрсеткіштерінің көрінісі – Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануы. Ол ғылымды басқарудың жаңа моделін енгізуді, оның интеллектуалдық әлеуетін нығайтуды, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту мен университет пен қолданбалы ғылымды дамытуды көздейді.

Ғылым саласындағы жетістіктер қоғамдық сұраныс пен елге тигізетін пайдасымен өлшенуі керек. Бұл тұста аймақтағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары да ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында жұмыс атқарып жатқандығын айтып өткім келеді. Өңіріміздің экономикасын дамыту үшін сапалы өнім шығарып, өндірісті тиімді ету мақсатында жас ғалымдарымыздың дайындаған жаңа технологияларының, әзірлеген өнімдерінің маңызы зор.

Университет ғалымдары «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жаңа Жамбыл» зауытынан шығатын қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалдарын өндірудің тиімді жолдарын ұсыну арқылы қоршаған ортаға залалын тигізіп отырған қалдықтардан құтылып қана қоймай, құрылыс материалын өндіріп, облыс бюджетіне мол табыс алып келетін жобаны әзірлегені кезінде әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған еді. Ендігі жерде жоғарыда айтылғандай, оны іс жүзіне асыру мәселесі тезірек шешімін тапса дейміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдарды тарту қажет, олар да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырып, жергілікті жерлерде ғылым бірінші кезекте облыс экономикасының назарында тұрған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс», деп көрсеткен болатын. Сондықтан да елімізде болып жатқан реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін билік органдарынан бастап, барлық сала өкілдері бірлесе жұмыс атқару керек. Сонда ғана ол реформалар сөз жүзінде қалып кетпей, халық игілігі үшін қызмет ететін нақты іске айналады.

Дина КУЛЬБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Философия және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты.
18.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 18
СОЗАҚТА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨТУДЕ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 27
Бақылау шараларының нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 24.04.2024 51

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 988
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7039
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10882
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7107
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7249