ҚР Аауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар келеңсіздіктерді анықтады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Таратылған ақпаратта Сырдария ауданында шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жалпы аумағы 129 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мақсатты түрде пайдаланылмағаны және игерілмегені анықталғаны айтылған.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында жер пайдаланушыға нұсқама берілгенімен белгіленген мерзімде нұсқама талаптары орындалмаған. Осыған байланысты департамент Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аталған жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз жолдаған. Сот департаменттің талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылып, жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған.
Қызылорда облысында жер реформасы аясында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Ақмешіт ақшамы» газетінің хабарлауынша 2024 жылы құзырлы мекемелер нақты тексерулер арқылы облыс көлемінде 77,5 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешімдер шығарған. Осыған ұқсас жұмыстар 2025 жылы да жүргізіліп, нәтижесінде 60 мың гектар алқап мемлекет иелігіне өтіпті. Құзырлы мекемелер ғарыштық мониторинг жүргізу арқылы игерілмей жатқан алқаптарды анықтап, меншік иелеріне нұсқама (предписание) беріліп, ескертулер жасайды. Ескерту жасалғаннан кейін, жерді жоспарға сай игеруге тағы да 1 жыл мерзім беріледі. Жерді меншігіне алуы құзырлы мекемелер берген шекті мерзім ішінде бұл жер телімдерін жоспарға сай игере алмаса онда сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылады. Ол ары қарай базада кезекте тұрған, келесі бір өтініш берушіге берілуі мүмкін.
Ерқазы Сейтқали















