ИМАНТАУ – ҮЗДІК ТУРИСТІК АУЫЛ

ИМАНТАУ – ҮЗДІК ТУРИСТІК АУЫЛ

Астанада өткен «Саяхат – 2026» форумында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Имантау ауылы «Үздік туристік ауыл – 2026» атағына ие болған еді. Бұл елді мекен  Имантау-Шалқар курорттық аймағының құрамына кіреді. Соңғы жылдары мұнда туристерді қабылдайтын нысандар көбейіп, демалыс орындары жаңартылып жатыр. Ендігі міндет – демалыс орындарын дамытып қана қоймай, жол мен инфрақұрылым мәселелерін шешу.

Айыртау ауданында қазір 48 туристік нысан бар. Олар бір мезетте 4065 адамды қабылдай алады. Бұған қоса көл жағасында үш балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Ау-данда жыл бойы қызмет көрсететін тоғыз демалыс орны бар.

Биыл тоғыз нысанда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оған 500 млн теңге жұмсалды. Мәселен «Дом у озера» демалыс орнында төрт қабатты ғимарат салынса, «Изумрудное» аумағында қосымша коттедждер тұрғызылды. «Қазығұрт» демалыс орнында да келушілерге арналған орындар көбейтілді. Жаңа «Агро Елецкое» демалыс орны ашылып, тағы бірнеше нысанда шағын үйлер салынды. Ендігі жылы тоғыз демалыс орнын ашу, кеңейту немесе жаңарту жоспарланған. Оның бірі – «Шалқар су» шипажайындағы құрылыс жұмыстарын аяқтау.

Туристік нысандардың көбеюі жол мен электр желісіне түсетін салмақты да арттырады. 2024 жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен ауданның жауапты бөлімі жолдарды жөндеу және электр желілерін тарту жөнінде келісім жасасты. Соның аясында 2024 жылы 8,5 шақырым жолды жөндеуге 829,1 млн теңге, ал 2025 жылы 11,8 шақырым жолға 966,1 млн теңге жұмсалды.

Соған қарамастан Шалқар ауылынан ұлттық парктің екінші бақылау бекетіне, «Сокол» балалар лагерінен Ана мен бала үйіне дейінгі және Шалқар мен Перевозина арасындағы жолдарды жөндеу қажет. Ұлттық парктің екінші бекетінен «Чайка» лагеріне дейінгі бағыт та осы қатарда. Имантау ауылынан өндірістік комбинатқа дейінгі жолды жөндеуге биыл 100 млн теңге бөлінген. Ал 35 киловольттық қосалқы станса мен электр желісін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Туризмді дамытуға инвесторлар да тартылып жатыр. 2022-2023 жылдары ұлттық парктің бас жоспарына өзгерістер енгізілгеннен кейін демалыс орындары мен туристік нысандар салуға жер телімдері берілген. Алайда міндеттемелерін орындамаған алты кәсіпкермен жасалған келісімшарт бұзылды. Байланыс мұнараларын орнатуға арналған тағы алты жер телімі бойынша да келісімдер тоқтатылған. Осы ретте жобалардың уақтылы іске асуын бақылауда ұстау қажет. Қазір кейбір инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастады. «Лазурное озеро» демалыс орнының аумағында үш коттедж салынып жатыр. Жер телімдерін алған инвесторларға құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін екі жыл уақыт берілген. Қазан айында ұлттық парк аумағынан тағы сегіз жер телімін конкурс арқылы беру жоспарланып отыр.

Демалушылардың қауіпсіздігі де ескерілген. Имантау мен Шалқар көлдерінің жағасында судағы құтқару бекеттері салынды. Олардың құрылысына 110 млн теңге жұмсалды. Алдағы уақытта осы екі көлдің жаға¬сында туристерге арналған екі қосым¬ша бекет ашу көзделіп отыр.

Жалпы биыл Айыртау ауданына 212 мыңнан астам турист келді. Ұлттық парк дерегіне сәйкес, Шалқар көліндегі екі бақылау бекеті арқылы 54081 автокөлік, «Боровушка» демалыс аймағындағы бекет арқылы 5642 автокөлік өткен. Бұл сандар ауданның туристік бағыт ретінде сұранысқа ие екенін аңғартады. Имантаудың үздік туристік ауыл атануы – өңірді танытуға берілген мүмкіндік. Ал туристердің қайта оралуы табиғаттың көркімен қатар, демалыс сапасына да байланысты.

Нұрсайын ШӘРІП

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 материалдары бойынша әзірленді

 

23.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28809
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45634
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41279
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45951