Ислам дінінде өзіне өзі қол жұмсау өте ауыр күнә болып есептеледі. Яғни ол Алланың үкіміне қарсы шығу деген сөз. Сондықтан Алла тағаланың өзі «Сондай-ақ бір-біріңді (өз-өздеріңді) өлтірмеңдер. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірімді. Кімде-кім осы айтылғандарды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасайтын болса, біз оны шыжғырып азаптау үшін алапат отқа тастаймыз. Бұл Алла үшін оп-оңай» (Ниса, 29-30), дейді. Ислам діні өмірдегі қиыншылықтарды жай ғана сынақтар, оған шыдап, сабыр сақтау керек, сонда ғана оның арты жақсылық болатынын түсіндіреді. Алладан үміт үзбесең, сынаққа төзсең, өзін өзі өлтіруден тыйыласың дейді. Негізінде, өзін өзі өлтіру – қоғамда көбінесе эгоистер, өзгені ойламай, өз-өзіне қол салады екен. Олар тек өзін ғана ойлап, басына түскен қиыншылықтан өлім арқылы құтыламыз деп ойлайды. Тіпті артынан қиналып қалатын әке-шеше, бауырларын, туыстарын да аямайды.
Негізінде суицидке барлық діндер қарсы. Шетелдерде тіпті суицид жасағандардың мүрдесін өртеп жібереді екен. Оларды қылмыскерлермен тең санаған. Қазір қоғамымызда суицидпен ажал құшқандарға деген көзқарас әлі де айқын емес. Әсіресе ислам дінінің өзіне өзі қол салуды құптамайды, бұндай әрекетке қатал тиым салған. Елімізде белең алып бара жатқан жағымсыз құбылысқа бұрынғы атеистік қоғамның кесірі тиіп отыр және қоғамымыз рухани азғындап бара жатыр. Сол сияқты адамдардың Ислам дінінен сауатының аздығы себеп болуда. Бұрынғы ата-бабаларымыз да өзіне өзі қол салғандарды жақтамаған және өте қатал қараған. Тіпті ондай жандардың бейіті бөлек салынып жерленген дегенді еститінбіз.
Суицид жасап қайтыс болғандардың қазір жаназасы оқылады, оны тек қатардағы басқа жандарға оқытады. Ал бас имамдар жаназасын шығармайды. Алайда соңғы кезде қоғамда өз-өзіне қол салу жиі қайталанып, кейбіреулер жаназа оқылмасын деп наразылық білдіруде. Адамның өзін - өзі өлтіруі Алланың кешірімі, мейірімі мен рақымынан құр қалдырады. Яғни дүниеден қалай өтсе, ахиретте солай жазаланбақ.
Суицид жасағандардың әрекетін қоғамда жастарға, әсіресе балаларға оның үлкен күнә әрі зор қателік екенін ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгені абзал. Оған ата-аналар, ұстаздар, араласқан ортасы жауапты. Біз суицидке қарсы күресте имамдардың ақыл-кеңесін, көмектерін пайдаланғанымыз жөн. Стрес пен күйзелісте жүрген жандар мешітке келіп, имамдардан көмек сұрап, дем салдырса болады. Онда қиналғандарға кеңес беру, оңалту орталықтары жұмыс атқарады. Әрбір жанға суицидтің дінімізде зор күнә екенін айтып түсіндіреді. Кейбір адамдар ойланып, өз-өзіне қол салу ниетінен қайтып жатады. Және оларға қоса, дін саласынан хабары мол психолог мамандардың қызметі қажет. Олар арнайы штаттарда тиісті орындарда жұмыс істегені абзал. Педагог-психологтер суицидке қарсы жұмыстарда жақсы нәтижеге жеткі үшін алдымен олардың жан дүниелері, білімі, рухани жан дүниесі халқымыздың ұлттық құндылықтарына сай болып, жұмыс істеуі тиіс.















