Алматыда Ұлттық кино орталығының қолдауымен «Капитан Байтасов» фильмі түсіріліп жатыр. Түсірілім жұмыстарына Кино орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали қатысты.
«Қоғамдағы оқыс оқиғалар ерлік пен өрліктің соғыста ғана жасалмайтынын, адам өміріне қауіп төнгенде қатермен бетпе-бет келіп, одан арашалайтын ерлердің арамызда жүргенін паш етеді. 2011 жылы Тараздағы терактіде қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа арналған кинокартина да ерлікті баяндайды. Мұндай туынды сәтті шығып, көрерменнің жүрегінен орын алады деп ойлаймын. Жуырда еліміздің барлық кинотеатрларынан «Капитан Байтасов» фильмін көре аласыздар», – дейді Құрманбек Жұмағали.
Кинокартинаның жанры – экшн драма. Лента голливудтық жүйемен таспаланып жатыр. Жобаға алдын-ала дайындық жарты жыл көлемінде жүрген. Фильмде ТОП актерлардан бөлек, марқұм Ғазиз Байтасовтың ұлы Әділжан Байтасов та бой көрсетеді. Әділжан әкесі жайлы ақпаратпен бөлісіп, сценарийге атсалысқаны қуантарлық.