Батыс Қазақстан облысында спорттың каратэ түрі соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Спорттың осы түрі бойынша федерацияға жаңа басшылықтың келуі де көпшілікті қуантты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, БҚО каратэ WKF федерациясының жаңа президенті болып облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй тағайындалды. Өңірдегі каратэ спортының қазіргі даму деңгейі, алдағы стратегиялық жоспарлар, халықаралық жарыстарға дайындық және жұмыстың жаңа бағыттары талқыланған федерацияның кезектен тыс алқалы жиынға қатысушылар жаңа басшылықтың келуі облыстағы каратэ спортының дамуына тың серпін беріп, халықаралық деңгейдегі нәтижелердің артуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында каратэнің WKF бағытымен 1000-нан астам жасөспірім тұрақты түрде шұғылданады. Соңғы жылдары облыс спортшылары республикалық чемпионаттар мен рейтингтік турнирлерде табысты өнер көрсетіп, 10 алтын, алты күміс және 16 қола медаль иеленді. Сонымен қатар өңір каратэшілері әлем чемпионаттарында тарихи жетістіктерге қол жеткізіп, паракаратэ спортында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Жиында сөз сөйлеген БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов өңірде каратэ спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, федерацияның жаңа президенті Мирас Рүстемұлына жауапты қызметінде табыс тіледі. Ал облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Ринат Мерғалиев алдағы Азия чемпионаты мен халықаралық жарыстарда батысқазақстандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғау үшін жүйелі дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Жаңарған құрам мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының каратэ WKF спортшылары алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел мерейін асқақтататынына сенім мол» дейді аталмыш басқарманың баспасөз қызметі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы














