Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауар алу үшін биыл 1 млрд 153 млн теңге бөлінді. Тізімде 7 224 тоннасы бірінші сұрыпты бидай ұны, 434 тоннасы қант, 40 тонна қарақұмық, 40 тонна күріш, 100 мың литр күнбағыс майы бар. Тұрақтандыру қорына сақталған тауар «Табыс» коммуналдық базары және шағын коммуналдық базарларда сатылады. Бұл жұмысты тұрақтандыру қорының операторы – «Ақтөбе» ӘКК атқарады. Павлодардан Ақтөбедегі тұрақтандыру қорына жеткізілген картоптың бір бөлігі шіріп кеткендігін журналистер байқап қалыпты. Бұған қатысты серіктестік басшысы Ерлан Блиев: «Қоймадағы картоптың келісімшарты 2021 жылы жасалған. Бағасы 62-ден 162 теңгеге дейінгі аралықта. Оны нарыққа шығару үшін талдап, талқылаймыз. Аптасына бір рет шығатын статистика мәліметіне сүйеніп, 10-15 пайыз төмен сатамыз. «Табыс» коммуналдық базарында орта есеппен картоптың келісі 100-135 теңгеден. Қазір интервенция жасайтын болсақ, өзіміздің картоп өтпей қалуы мүмкін. Сондықтан, биыл әкелініп жатқан картоп әлеуметтік дүкенге де шыққан жоқ. Ақтөбемен келісімшарт жасаған павлодарлық серіктестіктің картобы әлі тексерілмеген. Қоймаға жеткізілгенімен, қоғамдық бақылаудан өткен жоқ. Картопты қоғамдық кеңес мүшелерімен, ауыл шаруашылығы басқармасы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірге қараймыз. Сапасы төмен болса, қаптың ішіндегі шіріген картоп 10 пайыздан асса, өнімді қайта алмастырады немесе ақшасын қайтарады. Ол жақтан 55 тонна картоп әкелінді. Жағдайы орташа. Павлодарлық компаниямен арадағы келісімшарт былтыр жасалған. Олар мың тоннасын тасымалдауы тиіс. Бір бөлігі жеткізілді. Әлі кебуі керек, сосын қайта іріктеуден өтеді. Жеткізу, тиеу, түсіру бәрін сол өндіруші компания міндетіне алады. Шіріп кетсе, қайтарамыз», – дейді.