Кәсіпкерліктің де, тіршіліктің де тамырына қан жүгіре бастаған

Кәсіпкерліктің де, тіршіліктің де тамырына қан жүгіре бастаған

Екі күн бойы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек, Кеген аудандарын аралады. Кеген мен Нарынқол арасындағы жыр болған жолдың біраз бөлігі жасалыпты. Былтыр қарапайым журналист ретінде пресс-турға барғанда ойдым-ойдым тасжолдан іш-құрылысымыз ақтарылып қалып еді. Биыл құрылыстың көбі бітіп, азы қалыпты. Осы жолды жасату үшін үлкен кісіге айтып, ақша бөлдірдім деп еді Ардақ Назаров. «Айналайын, Ардақжан мың рақмет!» – деп депутаттың туған ауылы Қақпаққа ат басын тіредік. Бұл жерде облыс басшысы шаруалармен жүздесті. Көктемгі егін науқаны, жанармай бағасы, жер мәселесі, шабындық, су сияқты біраз мәселе көтерілді. Биыл нарынқолдық диқандар 2,5 мың гектар жерге кортоп егеміз деп отыр. Бірақ тұқым салу, күтіп-баптау, жинаудың машақаты көп. Себебі техника тапшы. Ауылдағы ағайын әкімге осы ауылшаруашылық техникасын алуға, жаңартуға облыс тарапынан қолдау болса деген өтініштерін айтты. Марат Елеусізұлы: шешілмейтін түйін жоқ, түрлі бағдарламалар мен жеңілдіктерді пайдаланып, ауыр техниканы жаңарту керек деп тиісті басқармаларға тапсырма берді. Райымбек ауданындағы оншақты шаруа-қожалық бірігіп, үлкен кооператив құрыпты. Олар биыл 230 гектарға жоғары сұрыпты картоп егуді жоспарлап отыр екен. Өнімді атақты PepsiCo компаниясы сатып алады. Америкалық бұл алпауыт Алматы облысында бәріміз жақсы көретін Lays чипсыларын шығаратын зауыт салып жатыр. Құрылысы биыл аяқталады. Сосын Нарынқолда өсірілген картоптан чипсы қытырлықтарын шығармақшы. Lays-тің жарнамасын әлемге әйгілі футболшы Лионель Месси жасап жүргенін білеміз. Барселонаның аңызы енді «Нарынқолдың картобынан жасалған Lays-пен футбол қызықтырақ» деп қазақша сөйлеп тұрса таңғалмаңыз. 

Шалғайдағы аудандардың тамырына қан жүгіре бастаған. Облыс әкімі Райымбек ауданында салынған әлеуметтік нысандар мен баспаналарды аралап көрді. Бұрын 40 мың халық тұратын ауданда қазір 25 мыңға жетер жетпес тұрғын бар. Жастар жаппай қалаға кетіп жатыр. Осы көшті тоқтату үшін ауылдарда жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандар, спорттық және мәдени кешендер салу басты міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс жасалып жатыр. Жасалмағаны әлі де көп.

Райымбек ауданын аралап болғасын Кеген өңіріне келдік. Аудан бөлінсе де албан бөлінбейді деген тамаша сөз бар. Сондықтан екі ауданды бөле-жаруға болмайды. Облыс әкімі мұнда екі нысанның ашылу салтанатына қатысты. Алдымен Қарабұлақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Дәл осындай медициналық нысан Жылысай ауылында да ел игілігіне берілді. Одан кейін Кеген мен Көлсайдың жолы түйіскен тұста бой көтеріп жатқан Compass жанармай бекеттер желісіне аялдадық. Бұл еліміздегі ең үлкен жанармай бекеті болмақ. Жол-жөнекей тоқтап кофе ішіп, бургер жеп, шаршасаң жата салатын қонақүйі де қарастырылған. Екі күндік іссапар осылай қызықты өтті.

Диас НҰРАҚЫН

 

Редакциядан: 

Иә, Хантәңірі тауының етегінде орналасқан қос ауданның қыз-қыз қызметі, қайнаған тіршілігі жайлы, «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициямызбен аралағанда кеңінен жазған едік. Міне, мына мақалада сол қызу тіршілікті байқауға болады: отандық кәсіпкерліктің дамуы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ішкі нарықты қорғау, өңірдегі атқарылып жатқан игі істердің бәрі осы мақалада әдемі көрініс береді. Ең бастысы – елдің өзіндік тірлігі, соған сүйсінесің. Облыс басшысы Марат Елеусізұлы аудан ауылдарын аралап, елдің тілегін тыңдап, оларға көмек болатын демеу сөзімен жебегені көңілге қуаныш ұялатады.

 

05.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23729
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23387
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40174
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36853
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41055