Келес ауданы Д. Қонаев атындағы №47 жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы Кәусар Сүндетқұл кәдесыйлардың түр-түрін жасайды. Ол мұны атасынан үйреніпті. Атасы жиырма жылдан бері қолөнермен айналысып келе жатқан шебер, домбырашы. Көпбалалы өнерлі отбасында дүниеге келген Кәусар атасына ілесіп жүріп, домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптардың да жасалу жолдарын меңгеріп алыпты.
– Мен ес білгелі атамның қасында жүріп, ұлттық аспаптар мен кәдесыйларға арналған түрлі бұйымдар жасауға машықтандым. Алдымен атам жасаған бұйымдарға ұлттық оюларды бедерлеп сала бастадым. Кейіннен ағаш ою ісіне қолым үйренген соң, өзім де түрлі бұйымдарды жасауға көштім. Кішкентайымнан бойыма сіңген қасиет болар, қазір сабақтан кейін шеберханаға баруға асығып тұрамын. Маған ағаш ою, ұлттық аспаптар жасау ісі қатты ұнайды, – дейді өнерлі қыз.
Кәусардың әкесі шаштараз, ал анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бүгінге дейін атасы мен немересінің бірігіп жасаған қолөнер бұйымдары, соның ішінде домбыралары түрлі көрмелерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Кәусар оқуда озат, білім сайыстарында да бәйгені қолдан берген емес. Сабағы мен қолөнерін қатар алып жүрген кішкентай кейіпкеріміз өзгелерге үлгі-ақ.