Әр басылымның негізгі бағыт-бағдарын айқындайтын өзіндік ұраны болады. Мен үшін «Qazaqstan dauiri» газетінің ұраны ерекше. Қолыма басылымды алған сайын бірден көкірегімнің қауызына бойлап, «алға бас, сен қоғамның дамуы үшін жауаптысың» деп алға жетелеп тұрғандай әсерде боламын. Расында да, еліміздің, ұрпақтарымыздың келешегі үшін бәріміз жауаптымыз, болашақ үшін бәріміз күресуге тиіспіз. Ал осы күрестің қандай болу керектігін көрсетуде «Qazaqstan dauiri» газеті 30 жылдан бері бәрімізге үлгі болып келеді. Жалпы қазақ баспасөзінің ертеңі, болашақ ұрпақтың тәрбиесі, ұлт намысы, мемлекет келешегі тақырыптарын редакция үнемі өткір көтеріп келеді. Газет басшылығына «Еланасы» Сәуле Мешітбайқызының келуімен бұл бағыт одан сайын өткірленіп, жанқиярлық еңбекпен ұштасуда. Қазақ баспасөзінің көшбасшыларының біріне айналған «Qazaqstan dauiri» газеті мен осы газет шекпенінен шыққан «Мөлдір бұлақ» журналдарының ұжымын мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердей басылымдар барда қазақ халқы ешкімге намысын бермейді. Ұлттың болашағы кәміл. Келешек үшін жауаптылар көп болсын!