Өткен аптаның жұмасы күні, Ақтоған ауылдық округінің мәдениет үйінде «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты аудандық келіндер байқауының II аймақтық кезеңі болып өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты – қазақ отбасының ұйытқысы болып табылатын жас келіндерді ұлттық рухта тәрбиелеп, мәдениетімізді құрметтеуге, салт- дәстүрлерімізді дәріптеуге, отбасындағы келіннің болмысын қалыптастыруға үйрету болып табылады.
Әні-міне дегенше, ерекше безендірілген сахна төріне келіндер сайысына қатысуға ниет білдірген Меркі ауылынан Айдана Аманова, Сұрат ауылынан Айдана Зияшова, Қостоған ауылынан Аяулым Мақтабай, Ойтал ауылынан Маржан Тоңбай және Ақарал ауылынан Ұлдана Бақтыбай есімді келіндеріміз жүргізуші Мәдина Оспаналиеваның оқыған әсем жыр жолдары мен сазды әуен аясында, биязы де әсем қалыпта шықты Байқаудың алғашқы «Тегін білу – тектілік» атты кезеңі бойынша қатысушылар өздерін
таныстырып, тектіліктерін танытса, келесі «Өнер сайысында» бес ауылдық округтің атынан сынаққа түсіп отырған келіндер ән де айтты, би де биледі. Әсіресе, үстеріндегі ұлттық киімдері сахна төріне ерекше көрік бергені анық. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде келін тәрбиесіне байланысты жөн-жоралғылар өте көп.
Осыған байланысты жарысқа қатысқан әрбір келін қазақы мәдениетімізді дәріптейтін «Қыз ұзату», «Ат тергеу», «Келін түсіру», «Құрсақ шашу» және т.б. салт-дәстүрлерін сахналық көрініс арқылы ұсынды. Келіндер сайысының «Сыр-сандық» деп аталған сұрақ-жауап бөлімінде келіндердің тектілігі және өнерімен қатар, білімділік біліктіліктері де сынға түсті. Байқау қатысушылары ұлттық салт-дәстүрлер бойынша қойылған сұрақтарға кідірмей жауап беріп, қазақы болмысымызға қанық екендіктерін көрсетті.
Сонымен қатар, қазақтың келіндеріне қойылатын басты талаптардың бірі – дәмді ас дайындай білу қажеттігі болса, «Дәм-думан» кезеңінде қатысушылар: қазағымның етін асып, әлбетте, қазы-қартасымен, жал-жаясымен, бүрмесімен дайындап, бауырсақ, құрт, ірімшік, майсөк, талқан, қымыз бен шұбат сынды ұлттық тағам-сусындарымызбен көркемдеп, басқа да тағамның түрлерін керемет дайындап әкеліпті.
Байқаудың әділқазылар алқасының шешімі бойынша, Маржан Тоңбай мен Айдана Зияшова жүлделі 2 орынды, Ұлдана Бақтыбай мен Аяулым Мақтабай жүлделі 1 орынды иеленсе, Аманова Айдана – бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен, «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты келіндер байқауын қорытындылаған әділқазылар алқасы, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Меркі ауданы әкімдігінің арнайы дипломдары мен сыйлықтарын тарту етті.