Байзақтың Кеңес атты ауылы – айтыскерлер ауылы деп аталады. Шындығында бұл ауылдан елімізге танымал бірнеше айтыскер шыққан. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні мерекесінде бұл ауылда облыстық жастар айтысының ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес.
Айтыстың ашылу салтанатында ауылға белгілі ұстаз Маратжан Юнисов жастарға ақ батасын берді. Айтысты республикалық айтыстардың жүлдегері Әсет Дүйсебаев жүргізді. Жыр додада Жамбыл ауданының ақыны, 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы мен тараздық ақын, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Аят Бәтей тамаша айтыс үлгісін көрсетті.
Кеңес ауылынан шыққан Рай Дөңбай мен Ернұр Бейсенов, байзақтық Дархан Әбдіманат пен жуалылық Санжар Даярбек те өнер додасының көркін қыздырды.
Нәтижесінде, айтыстың бас жүлдесі Жамбыл ауданының жүйрігі Алина Айдаралыға бұйырды. Өзге айтыскерлер де ақшалай сыйлыққа ие болды.