Бүгінгі таңда тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, олардың талап-тілегін орындау біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірегейі. Ал бұл ретте, жергілікті халықпен тікелей байланыс тетігіне айналған әлеуметтік желінің атқарар рөлі орасан.
Осыған орай, аппараттық кеңесте әкімдікке қарасты бөлімдер мен ауыл әкімдерінің халықпен кері байланысы қай деңгейде екенін саралап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселесін талқыладық. Алдағы уақытта әкімдер мен бөлім басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі артып, ашықтық ұстанымына сүйене отырып тұрғындармен тікелей байланыс орнататын болады. Мемлекет басшысының халық тілегімен үндесіп жатқан талабының өзегі де осы.
Бұдан бөлек, жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен өңірге инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да қаралды. Аудандағы түйткілді мәселелерді шешудің төте жолы - бюджет кірісін арттыру екенін ашық айту керек. Өйткені, бюджетке түскен қаржының есебінен тұрғындар тарапынан көтерілген көптеген мәселені ретке келтіруге болады. Қазіргі кезде ауданға инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты талдануда. Бүгіннің өзінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Аталған жобалар толыққанды жүзеге асқанда тұрақты жұмыспен қамтылатын тұрғындар саны да, жергілікті қазынаға түсетін қаржы көлемі де артатын болады.