Кеудемде бір өкініш қалды…

Кеудемде бір өкініш қалды…

«Кеңсайда тұрып кезекте,

Ақсайдан тәуір үй күттің», –

деп жазған Бекжан Әшірбаев ақын да (Біреуіміз ерте, біреуіміз кеш баратын) мәңгілік мекенге аттанып кетіпті. Әлсіз жаратылған, ұмытшақ пендеміз ғой, біріміздің қадірімізге біріміз жетпей жатамыз! 

Менің де ішімде бір өкініш қалып барады. 

Бекжан екеуміз алғаш рет Фб әлеуметтік желісінде танысқанбыз. Үнемі тұнжырап жүретіндей көрінгенімен, аңқылдақ, ақ көңіл, өз айтары бар азамат екеніне алғаш Алматыда жүздескенде көзім жетті. Бірақ көп әңгімелесе алмадық. Менің тығыз шаруам шығып, тез қоштасуға мәжбүр болдым. Сондай етене араласап кеттік дей алмаймын, алайда ватсап арқылы буы бұрқыраған жаңа өлеңдерін жіберіп отыратын. Мен оқып шығып өз ризашылығымды білдіремін. 

Маған Бекжан таң атқанша өлең жазып, азанда жұмысына тартып отыратындай көрінетін. Мен оған кей кезде «Бекжан-ау, бәрібір түні бойы жыр жазады екенсің, таң намазын оқып алып кіріссең, Алла Тағала қуатыңды арттырып, өлеңіңнің мәнін одан сайын күшейте түсер еді-ау» дейтінмін.  Ол қолын қусырған смайлктер жіберіп, соңынан бас бармағын басатын.

Өлең жазбай күн өткізу ол үшін өте ауыр болатын! Ол соңғы уақытта тынымсыз ізденумен, жанталаса жазумен күнін өткізгендей көрінеді маған.

Бір жолы Астанада Мәуліт кеші өтіп, ҚМДБ ұйымдастырған мүшайрадан жүлделі болды. Ол жолы да Бекжанмен еркін отырып сырласуға уақыт таппағаныма өкінемін.

Сол кездесуде Бекең «Менің жырымды мақтай бересің, оны маған айта бергенше көпшілікке айтпайсың ба?» – деп өзімсіне тіл қатқан!

«Ол ойымда бар, тек сен бұрқыратып жаза бер» деп күліп жауап беріп едім.

Бұл қу тіршілік пендеге мұрсат бере ме, қазақтың маңдайына біткен ғажап ақыны туралы күнде ертең жазамын деп жүргенде, одан айырылып қалдық.

Кім біледі, жылы сөзге жаны құмар ақынның, керемет жырлары туралы жылы пікір білдіргенімде, мерейі өсіп, ара тұра сыр беріп қоятын жүрегі,  сағаттай сарт-сарт соғып тұра берер ме еді! Әттең!

Неге біз осы!

Осыған өкініп отырмын!

Көңілім ғой, әйтпесе, «Алладан шыныменен бұйрық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы». 

Мәңгілік мекенің жарық болып, Алла Тағала алдыңнан жарылқасын Бекжан ақын!

Бекжан ақынның отбасына, ағайын туыстарына қайғыра көңіл айтамын!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,

ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27086
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26560
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43885
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39677
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44233