КИЕЛІ КИМЕШЕК КӨРМЕСІ: ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

КИЕЛІ КИМЕШЕК КӨРМЕСІ: ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

   Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен сақтау – әрбір азаматтың парызы. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Киелі кимешек» атты көрме жақында көпшіліктің назарына ұсынылды. Көрменің ұйымдастырушысы – белгілі қолөнер шебері Тілек Сұлтанұлы. Бұл шара халқымыздың асыл мұрасы – кимешектің тарихы мен маңызын тереңірек танытуға арналды.

   6 қараша күні Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда “Қара шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен танымал қолөнерші Тілек Сұлтанұлының «Киелі кимешек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл көрме қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық киім үлгілерінің терең тарихын дәріптеуге арналған ерекше оқиға болды.

     Тілек Сұлтанұлы – қазақ қолөнерінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген шеберлердің бірі. Көрмеге қойылған кимешектер мен басқа да туындылар ұлттық өнердің шеберлік пен тереңдікке толы екенін көрсетті. Әрбір кимешек дәстүрлі нақыштарымен және символдық мәнімен ерекшеленеді. Қолөнерші әрбір жұмысына қазақ әйелдерінің рухани байлығын, аналық мейірімін, және ұрпақ сабақтастығының маңызын жеткізе білген.

     Көрмеде қолөнер бұйымдарының әрқайсысы қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған. Көрме аясында ұлттық нақыштағы киімдер түрінен дефиле, ұлттық киімдердің ою-өрнегі, жас ерекшелігіне қарай қалай кию керектігі жайлы дәріс, кимешек кию мен шылауыш ораудан шеберлік сабақ өткізілді. Шараға мәдениет қайраткерлері, өнертанушылар, сондай-ақ ұлттық өнерді бағалайтын қалың көрермен қатысты.

  

Венера Әлмұратқызы, көрермен:

     «Бүгін Астанамызда керемет көрме өтіп жатыр. Мен өзім 11 жыл Қытайда халықаралық қатынас мамандығында оқыдым. Байқағаным, Қытайдағы қазақтарымыз қолөнердің майын тамызады. Бар салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді тұтас сақтап отыр. Сол жақтан бұл киелі өнерді әкелген – Тілек Сұлтанұлы. Қазағымыздың көне өнерін жаңғыртып жүрген азаматымыз заман талабына сай бұл өнерді дамытып, бізге ұсынып жатыр. Қазақ халқы бұрыннан бас киімнің, кимешектің киесін біледі. Жасқа, руға, өңірге, тапқан бала санына қарай кимешектің кестелері, моншақтары, орамы өзгере берген. Тіпті, қыз баланың тұрмыс құрған-құрмағанын, мінезінің қандай екенін шашына таққан шашбауы мен сылдырынан ажыратқан. Міне, қазағымыз осындай болған».

Өнерге деген сүйіспеншілігі ерте жастан оянған Тілек мырза ұлттық киімдерді зерттеп, тігуді өзіне мақсат етіп қойған. Әсіресе, кимешектің тарихи және рухани құндылығын түсініп, оны дәріптеуді өмірлік ісіне айналдырған.   «Қолөнермен мен бала кезімнен айналысамын. Себебі менің өзімнің туып-өскен ауылымда жасы үлкен апайларымыз, әжелеріміз, шешелеріміз, әпкелеріміз – бәрі айналысатын. Солардың қастарында жүріп, көмектесіп, оюларын ойысып, киіздерін басысып еңбекке баулыдым. Бірақ, соңғы 10 жылда бұл іспен кәсіби айналысамын».

Кимешек – қазақ әйелінің қадір-қасиетін, инабаттылығы мен даналығын айшықтайтын ұлттық киімнің ажырамас бөлігі. Ол тек бас киім ғана емес, ұлттың тарихын, аналардың мейірімі мен нәзіктігін бейнелейтін символ. Кимешек киген әйелдің жүзінен тек сұлулық қана емес, әдептілік пен рухани байлықтың да белгісі байқалады.

«Мен негізі бір ғана кимешек емес, киімнің барлық түрін тігемін. Етіктен бастап, бүрмелі көйлек, тақияның түр-түрін де тіге аламын. Кимешекті таңдағанымның басты себебі – киімнің киелісі кимешек. Қазақта қаншама оқалы зер-тондар болса да, хандар киетін мұрақ болса да, кимешекті қазақ киелі деп санайды. Өйткені, қазақ анасын құрметтеген, әйел затын қадірлеген халық, олардың киген жаулығында, кимешегінде баласына, еліне деген махаббат жатыр. Сол үшін алғаш көрмемді кимешектен бастадым. Коллекциямда 30-дан астам көне кимешек бар, соның 18-ін халыққа ұсындым. Қолымнан шыққан авторлық жұмыстарымнан 12 данасын ұсындым. Олардың ерекшелігі – түпнұсқа негізінде сақталуында. Алдын айтқан коллекциямда 100 жылдан, 150 жылдан асқан, бір ғасырдан екінші ғасырға аттаған кимешектер бар. Ол енді құнды мұра, құнды жәдігер», – дейді қолөнер шебері. Қазақы рух пен өнердің үйлесімін паш еткен көрме қонақтардың жоғары бағасына ие болды. Тілек Сұлтанұлының еңбегі арқылы ұмыт бола жаздаған кимешек қайта жаңғырып, ұлттық мақтанышымыздың бір бөлігіне айналды.

Тамыры терең тарихымызды танытып, төл мәдениетімізді қайта түлетуге үлес қосатын мұндай шаралардың көп болғаны ләзім.

Саяжан ҚАЙДАР
12.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 40
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381