Абай облысында 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары басталды. Өңірде егіс науқанын сапалы өткізу үшін қажетті тұқым қоры әзірленіп, ауылшаруашылығы техникасы мен жанар-жағармай ресурстары толық қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың айтуынша, биыл облыстағы жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары шамамен 300 мың гектарға, майлы дақылдар 340 мың гектарға, жем-шөп дақылдары 138 мың гектарға егіледі. Сонымен қатар 6,6 мың гектарға картоп, 5,2 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары орналастырылады.

Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде майлы дақылдар көлемін сақтау мен тұрақтандыруға басымдық берілуде. Бұдан бөлек, жүгері алқаптарын ұлғайту көзделген. Өткен жылы бұл дақыл 8 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 12 мыңнан астам ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Олардың қатарында жоғары өнімді егіс кешендері, сепкіштер мен топырақ өңдеу құралдары бар. Қуанбаевтың айтуынша, техниканың дайындығы толық қамтамасыз етілген.
Егіс науқанын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында өңірге 14 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетілуде. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі де қарастырылған.
Бүгінде облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кеткен. Мамандар барлық жұмыстарды агротехникалық талаптарға сай ұйымдастырып, егіс науқанын 1 маусымға дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.














