Бүгінгі күні облыстың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі — ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру аясында астық дақылдарының егістік алқаптары қысқарып, майлы дақылдар мен көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артуда.
Осыған байланысты, бүгін «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық: ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік мәселелері» атты семинар өтті. Облыста тұқым шаруашылығын дамыту, отандық тұқымдарды тәжірибеден өткізу, агрохимиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған тәжірибелік семинарға бірқатар ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, тұқым өсіруші серіктестік басшылары мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Семинар барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек: Азық-түлік өндірісі өңірімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыру қажет. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана ауыл шаруашылығы саласында алға жылжу болады, — деп атап өтті.
Одан кейін сөз алған «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасының инновация жөніндегі орынбасары Ғалиолла Мейірман «Жамбыл облысында тұқым шаруашылығын дамыту», «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев «Жамбыл облысының шаруа қожалықтарына арналған картоп, көкөніс-бақша және жеміс-жидек дақылдарының сорттары», «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС топырақ мелиорациясы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Пошанов «Агрохимиялық картограмма дайындау — топырақ құнарын сақтау мен өнімділікті арттырудың басты құралы» тақырыптарында баяндама жасап, жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі жоғары болатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиев «Жамбыл облысында отандық тұқымдарды тәжірибеден өткізу ерекшеліктері», «Қайнар-Агро» ЖШС директорының орынбасары Әсем Шоқатаева «Жамбыл облысында отандық тұқым өндірушілердің перспективті күздік дақылдарын өсіру ерекшеліктері» және «ЮГ-АКТИВ БИО» ЖШС директоры Бауыржан Батахаев ««Актив био универсал» органикалық тыңайтқышының артықшылықтары» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында агросаланы дамытуға қатысты шаруалар тарапынан қойылған сұрақтар жан-жақты жауаптар беріліп, өзара пікір алмасты.