Несібесін қара жерден іздеген аудан шаруалары наурыз айының ортасынан көктемгі дала жұмысына кірісіп кетті. Диқандар дәнін дайындап, жерін жыртып, дала төсі еңбек дүбіріне айналды. Диқандар үшін қайнаған еңбектің қызатын шағы басталды.
Биылғы жылы жаздық дақылдары 24 500 гектар алқапта орналастыру жоспарланды. Бұл өткен жылғы егістік алқабынан 271,5 гектарға артық.
Атап айтқанда, дәнді дақылдар 9850,0 гектарға, майлы дақылдар 8000 гектарға, картоп 60 гектарға, көкөніс дақылдары 400 гектарға, бақша дақылдары 450 гектарға, көп жылдық шөптер 5740 гектарға, оның ішінде ағымдағы жылы жаңадан 1 300 гектарға отырғызылады.
Жаздық дақылдарды себу үшін 15 560 гектар жер дайындау қажет болса, бүгінгі күнге 6 800 гектар жер дайындалып, 4 100 гектар жаздық арпа, 1 300 гектар жоңышқа, 1 200 га мақсары себілді.
Картоп, дәндік жүгері, бақша және көкөніс дақылдары сәуір айының ортасынан бастап отырғызылады. Мамыр айының аяғына дейін аяқталатын болады.
Көктемгі дала жұмыстарына 740 тонна жаздық арпа тұқымы, 205 тонна мақсары тұқымы, 20 тонна дәндік жүгері тұқымы, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды. 11,25 тонна дәндік жүгері тұқымы себу жұмыстары басталғанға дейін дайындалатын болады.
Ауданда тіркелген 683 дана ауыл шаруашылығы техникаларының көктемгі дала жұмыстарына 510 данасы қатысуда. Оның ішінде 342 трактор, 45 дана соқа, 28 дана қопсытқыш, 85 дана дән сепкіш бар.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 780 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. (Оператор ЖК «Сарыпбекова»). Тарату бағасы 212 теңге, 1 литріне. Қазіргі таңда операторға 603,1 тонна дизель жеткізіліп, толығымен шаруашылықтарға таратылды. Сәуір айына тиісті 130 тонна дизель отыны қосымша жеткізіліп беріледі.
2023 жылы 13600 гектар егістік алқапты тыңайтуға 1207,4 тонна тыңайтқыш алу жоспарланған. Бүгінде селитра және аммофос тыңайтқыштарын сатып алуға 281,5 тоннаға келісім-шарт жасалып, 222,5 тонна тыңайтқыш алынды.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы бойынша ауданға 100 млн. теңге несие алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 81,3 млн. теңгеге 11 өтінім түсіп, 9 өтінім бойынша 49,3 млн. теңге несие берілді.
Егін егу – жауапты кезең. Көктемгі егіс-дала жұмыстары алдағы уақытта да қарқын ала түспек. Ендігі міндет берілген мүмкіндікті толық пайдалана отырып, ұйымшылдықпен еңбек ету. Басты мақсат – егін егу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, мол өнімнің негізін қалау.
Бұл ретте егін егумен айналысатын диқандарға үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеледі.
Өйткені, көктемнің әр күні – жылға азық.