30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай «Ата Заңым – айбыным» атты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Конституция – Отанымыздың берік іргетасы. Егемендігі баянды болып, әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесіне айналған, демократиялық дамудың сара жолына түскен Қазақстанның саяси, әлеуметтік, экономикалық табыстарына негіз болып отырған да конституциялық қағидаттар. Ата Заңымыздың тарихи тамыры терең екені біз үшін мақтаныш әрі мәртебе. Бабаларымыз ежелден ақиқаттың байрағын желбіретіп, елімізде әділдіктің салтанат құрғанын құп көрген. Ата Заңға құрмет – егемендігіміз бен елдігімізге құрмет. Конституцияны тірек ету, заңды сыйлап, оған бағынатын саналы азамат боп қалыптасу – толеранттық, тұрақтылық пен ынтымақтың белгісі. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Конституция күні – біздерді елдікке, жасампаз істерге бағыттайтын айрықша дата. Баршаңызды осы қастерлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді С.Шәпкенов.
Шарада Серік Шәпкенов түрлі сала қызметкеріне мемлекеттік марапаттарды табыс етті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 9 тамыздағы №619 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес, еліміздің құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Атырау жолдары» ЖШС механизаторы Қайрат Айтмұхамбетов пен «ЭрЛи» ЖШС сарапшысы Сілемғали Смағұловқа «Құрмет» орденін тақты.
«БатысАльянсСтрой» ЖШС машинисі Рахымжан Қазиевке ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені және «TSG Construction» ЖШС учаске бастығы Бауыржан Жұмағалиевке, «БатысСтройСервис» ЖШС инженер-құрылысшысы Сырым Молдағалиевке, «Павлодар өзен порты» АҚ учаске шебері Бауыржан Нұрғалиевке, еңбек ардагері Төлеп Орынбасаровқа «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.