Асар – қазақтың ежелгі дәстүрі, оның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған жақынына көмектесу. «Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» - демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асарлатып үй салу» жобасы ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс болғаны анық.
Республика күні мерекесіне орай, Жаңатұрмыс ауылдық округінің Ақшолақ елді мекенінде толық емес отбасы, бес баланың әкесі Амангелді Бақтыбаев ауызбіршілігі мол ауылдықтардың арқасында үйлі болды.
Аталған салтанатты жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев арнайы барып қатысты. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да қатысып, қуанышты сәттің куәгері атанды. Өз кезегінде Бақтияр Мұратұлы көпбалалы әкенің қуанышымен ортақтасса, ауыл ақсақалы Серік Жайнақов та игі тілегін жеткізді. Осындай қайырымды іске атсалысып, біркісідей біріккен ауылдықтардың ынтымағын үлгі етті.
Осы күнді ұзақ күткен үй иесінің қуанышында шек жоқ. «Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты. Міне, осы бақытты сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен аудан басшысына, ауылдық округтің әкімшілігіне, барлық азаматқа алғысым шексіз», – дейді.
Ақ жаулықты аналар шашу шашып, баспана иесіне құтты болсын айтысып жатты.